
Жаңа Семей ауданының Шақаман ауылында ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешеннің құрылысы басталды. Өңір үшін маңызды нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, «Eurasia Agro Semey» ЖШС құрылтайшылары ағайынды Сайлау, Ерлан Мұқашевтар қатысты. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Ет және ет өнімдерін терең өңдейтін өндірістік кешен бір ауысымда 35 тонна ет өнімін өңдеуге мүмкіндік береді. Мұнда ірі қара, қой және жылқы етін өңдеу арқылы сапалы шұжық, консервіленген өнімдер, жартылай фабрикаттар мен жоғары санатты ет деликатестері өндіріледі. Бұл өндіріс тері-былғары саласына қажетті шикізатты ұсыну арқылы өңірде толық өндірістік тізбекті, яғни өндірістің экожүйесін қалыптастырады. Сонымен қатар қалдықсыз технологияларды қолдану арқылы экологиялық талаптарға толық сәйкес келеді.
«Eurasia Agro Semey» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын, Австралия және Еуропаның заманауи технологиясымен жабдықталатын ет комбинаты жобасының құны 7,7 млрд теңгені құрайды. Жоба іске асқанда 1000 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жоба бойынша 7 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңы дайындалған. Қазір 10 мың бас ірі қараға арналған алаң салу үшін жобалау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жоба Абай облысын 2027 жылға дейін дамыту жоспарына енгізіліп, өңірлік және ұлттық деңгейде басымдыққа ие жоба ретінде танылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы 2025 жылдың ақпан айында өткен жұмысшы мамандықтарының көрмесінде жеке атап өтіп, жобаның маңыздылығына назар аударды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігі тарапынан тұрақты бақылауға алынып, іске асырылуына қолдау көрсетіліп отыр.
Облыс әкімі мұндай ауқымды инвестициялық жобаның өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында «Агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыруды белсенді түрде жалғастыру қажет» деп атап өткен болатын. Бұл кешен – тек өндіріс қана емес, мал шаруашылығын жүйелі дамытудың, бордақылау алаңдарын кеңейтудің, жаңа жұмыс орындарын ашудың және елді-мекендендердің әлеуетін арттырудың нақты үлгісі. Қазіргі таңда өңірдегі мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар өсірген малын, тері өнімдерін лайықты бағада өткізе алмай жүр. Бұл ауыл еңбеккерлеріне нақты көмек болмақ. Сонымен қатар Абай облысына ғана емес, көрші Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының шаруаларына да үлкен қолдау болады деп ойлаймын. Өндірістік кешенді кезінде шет мемлекеттерге дейін өз өнімін экспорттаған Семей ет комбинатының қайта жаңғыруы, заңды жалғасы деуге болады. Осындай нақты жобаларды іске асырудың нәтижесінде шетелдік және отандық ірі инвесторлардың аймағымызға деген қызығушылығын арттыра аламыз. Мұндай жобалар олардың облыс агроөнеркәсіп кешеніне қомақты қаржы салуына сенімді негіз болады. Бүгінгі рәсім – өндірістік дамуға басқан символдық мәні зор алғашқы қадам. Аталған жобаның халық игілігіне қызмет етіп, өңірдің дамуына серпін беретініне сеніміміз мол», – деді аймақ басшысы.
Өндірістік кешенді 2026 жылы тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.