Qazaq Air әуе компаниясының атауы өзгереді

Астанада Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік дөңгелек үстелі өтті. Оған қос елдің ресми тұлғалары, бизнес қауымдастығы мен мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты

Іс-шара Вьетнам Социалистік Республикасы Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам бастаған делегация сапары аясында ұйымдастырылып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға бағытталды, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі.

Жиынды Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаев ашып, Үкімет атынан қатысушыларды құттықтап, Қазақстан мен Вьетнам арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталды.

«Қазақстан үшін Вьетнам – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы негізгі серіктестердің бірі. Екіжақты сауда-экономикалық қатынастарды кеңейтуге зор әлеует бар. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы $860 млн-ға жетті», — деді вице-премьер.

Бүгінде Қазақстанда вьетнамдық капиталдың қатысуымен түрлі салаларда 13 компания жұмыс істейді. Бұл еліміздің қолайлы инвестициялық ахуалына деген сенімнің жоғары деңгейін айғақтайды, тұрақты әрі өнімді әріптестіктің қалыптасқанын көрсетеді.

Дөңгелек үстел барысында екіжақты серіктестікті дамыту бағыттары белгіленіп, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру тетіктері таныстырылды. Атап айтқанда, салықтық және кедендік жеңілдіктер, инфрақұрылымға қол жеткізу, инвестициялық келісімдер жасау секілді мүмкіндіктер ұсынылды. Жергілікті өндірісті дамыту мен экспорттық әлеуеті жоғары жобаларға басымдық берілді.

Ынтымақтастықтың болашағы, ең алдымен, авиация саласымен байланысты. Форум аясында Qazaq Air мен VietJet компаниялары «VietJet Qazaqstan» атты бірлескен брендті іске қосу туралы келісімге қол қойды.

«Sovico Group пен VietJet Air компанияларының Qazaq Air қызметін басқаруға және оны жаңа VietJet Qazaqstan брендімен дамытуға ниетті екенін жоғары бағалаймыз. Әуе желісінің кеңеюі көлік қатынасын арттырып, өңірде экономикалық өсімнің жаңа нүктелерін қалыптастырады», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты – ауыл шаруашылығы. Қазақстан егістік және жайылымдық жер көлемі бойынша әлемде алтыншы орында тұр және бидай мен ұн экспортында көшбасшы елдердің қатарында.

«Алдағы үш жылда агроөнеркәсіп кешенінде өңделген өнім үлесін 70%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатта 220 мың тонна ет өндіретін 29 құс фабрикасы мен 850 млн жұмыртқа өндіретін 11 фабрика іске қосылмақ. Вьетнамдық серіктестерді бірлескен өндіріс құруға және су үнемдейтін заманауи технологияларды енгізуге шақырамыз», — деді Ермек Көшербаев.

Кездесу барысында цифрландыру мен инновациялық ынтымақтастыққа да ерекше назар аударылды. Қазақстан электрондық үкіметтің жаһандық индексі бойынша 24-орында, ал онлайн қызмет сапасы жағынан әлемдегі үздік он елдің қатарына кіреді. Өз кезегінде IT саласында жетекші елдердің бірі саналатын Вьетнам мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, жасанды интеллектті енгізу және технология алмасу бойынша Қазақстан үшін стратегиялық серіктес бола алады.

Жиын жаңа жобаларды бастауға арналған маңызды алаңға айналды. Алдағы уақытта ұсынылған бастамалар B2B форматында және ведомствоаралық деңгейде егжей-тегжейлі талқыланып, нақты нәтижелерге бағытталмақ. Қазақстан Үкіметі жобаларды барлық кезеңде жан-жақты қолдауға дайын екенін білдірді.