Қоғам

Көзге көрінбейтін қадам – тағдырды өзгертетін сәт

Бұл – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының орталығынан шыққан жас маманның өмір жолы. Жүргізушіден зертхана меңгерушісіне дейінгі сапары – өз ісін шын жүректен сүйіп, табандылықпен еңбек еткен адам кәсіби биікке жете алатынын көрсететін жарқын мысал

2025 жыл — Қазақстанда жұмысшы мамандықтарының жылы болып жарияланды. Бұл — елдің дамуына үнсіз үлес қосып жүрген қарапайым еңбек иелеріне жаңа көзқараспен қарауға берілген ерекше мүмкіндік. Осындай абыройлы мамандардың бірі — Сұңғат Мұратханов. Ол — Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығына қарасты Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының Радиология және аспаптық өлшеулер бөлімінің меңгерушісі. Оның жүріп өткен жолы — кәсібіне адал, ісіне шынайы берілген жанның табыс пен еңбектің қадірін терең ұғындыратын өмір жолы.

Сұңғат – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында дүниеге келген. Мектептен кейін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне мемлекеттік грантпен түсіп, «ядролық физика» мамандығын таңдаған. Бала күнінен математика мен физикаға қызығушылық танытып, әлемнің құрылымын, заңдылықтарын зерттеуге ынтық болған.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығындағы еңбек жолы Сұңғат үшін 2019 жылдың ақпанында қарапайым жүргізуші қызметінен басталды. Ол күн сайын қызметтік көлікпен мамандарды түрлі нысандарға жеткізіп, зертхананың тыныс-тіршілігін сырттай бақылап жүрді. Әр сапар сайын зертханашылардың жұмысына қызығушылығы артып, бұл істің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тереңірек түйсіне бастады.

Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң, Сұңғат Орталықтағы бос орындарға зер сала бастады. Көп ұзамай фельдшер-зертханашы қызметінің ашылғанын естіп, іркілместен өтініш беріп, зертханалық жұмыстың табалдырығынан аттады.

Алғашында санитариялық-химиялық зертханада еңбек етті: сынама алып, талдау жүргізіп, түрлі нысандарға барып жүрді. Кейін зертханалық химик ретінде реактивтермен жұмыс істеп, зерттеу әдістемелерін терең меңгерді. Әрбір жаңа міндет оның қызығушылығын арттыра түсіп, өз орнын тапқанын айқын сезіндірді. Аз уақыт ішінде Сұңғат зертханадағы алғашқы қадамдарынан жетекшілікке дейінгі жолды абыроймен еңсерді. 2024 жылы Радиология және аспаптық өлшеулер бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.

Бүгінде Сұңғат тоғыз адамнан тұратын командаға жетекшілік етеді. Оның жетекшілігіндегі зертхана қоршаған ортаның физикалық факторларын – радиация, шу, жарық және діріл деңгейін – өлшеумен айналысады. Әсіресе, балалар мекемелеріне – балабақша мен мектептерге – айрықша көңіл бөлінеді.

Әрбір тексеріс — жай ғана өлшеу емес ол балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған нақты үлес. Өйткені көзге көрінбейтін физикалық факторлардың өзі бала денсаулығы мен дамуына елеулі ықпал етуі мүмкін. Сондықтан да Сұңғат жетекшілік ететін ұжымның еңбегі — жай өлшеулер жиынтығы емес, бұл — келер ұрпаққа деген шынайы жанашырлықтың көрінісі.

— Егер біз өз жұмысымызды дұрыс атқарсақ, балалар қауіпсіз ортада болады. Сол кезде істеген ісіңнің шын мәнінде бағалы екенін сезінесің, — дейді Сұңғат.

Сұңғаттың жадында ерекше із қалдырған кезең – COVID-19 пандемиясы тұсы. Сол уақытта барлық қызметкерлер уақытша дезинфекциялық қызметке тартылды. Жұмыс қарқынды әрі тынымсыз жүрді – демалыссыз, үлкен жауапкершілікпен. Десе де, Сұңғат бұл кезеңді өз мамандығының мәнін тереңінен сезінген, шындықпен бетпе-бет келген сәт ретінде еске алады.

— Мұндай жолдан өтем деп ешқашан ойламаппын. Лауазым қуған емеспін, жай ғана өз ісімді адал атқарып, әр сәттен үйренуге тырыстым – әріптестерден, өмірден, жағдайдан, — дейді ол.

Физикаға деген махаббатын Сұңғат қарапайым сөзбен жеткізеді: «Неғұрлым терең үңілсең, соғұрлым оны күнделікті өмірден жиі байқайсың. «Жел, жарық, дыбыс, радиация – мұның бәрін өлшеуге болады. Ал өлшеуге болатын нәрсені бақылауға да, қажет болса – басқаруға, қауіптен қорғай білуге де болады».

— Физика – бұл бізді қоршаған дүниенің бәрі, — дейді ол. — Менің жұмысымның мәні – дәл осы.

Бұл — мансап қуып емес, өз ісіне шын берілген жас маманның өмір жолы. Бұл — табандылық пен адал еңбектің арқасында бәрі мүмкін екенін дәлелдейтін шынайы тағдыр хикаясы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button