Қазақстандық оқушылар — әлемнің үздік инженерлерінің қатарында

110 елден 50 мыңнан астам оқушы қатысқан Хьюстондағы FIRST Championship 2025 халықаралық инженерлік турнирінде Қазақстан құрамасы үш жас санаты бойынша рекордтық нәтиже көрсетті, — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі
Қазақстан намысын жеті команда қорғады. Жоғары санатта (12–18 жас) Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің PID командасы еліміз тарихында тұңғыш рет жарыстың финалына өтіп, екі марапат иеленді — Motivate Award Winner және Division Finalist Award.
«Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің CRISTABOL командасы техникалық және техникалық емес дағдылардың үздік үйлесімі үшін берілетін ең беделді марапат — INSPIRE Award-ты жеңіп алды. Sana Team (Алматыдағы Білім-инновация лицейі) және Jeltoqsun (Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» мектебі) командалары роботтар ойыны бойынша 258 команданың ішінен ТОП-20 қатарына енді.
Орта санатта (10–16 жас) — FIRST LEGO League Challenge турнирінде Астана қаласындағы «Skillset» мектебінің SKILLSET командасы Champions Award номинациясы бойынша финалист атанды. Қарағандыдағы «Мұрагер» мектебінің RASSLEXX командасы Coopertition Award Winner марапатын жеңіп алды» – делінген хабарламада.
Кіші санатта (6–10 жас) — FIRST LEGO League Explore бойынша Павлодар қаласындағы «Сатурн» мектебінің ATLANTIS командасы Team Model Award марапатына ие болды.
FIRST Global Challenge чемпионатының ерекшелігі — бұл жарысқа әртүрлі жас деңгейіндегі бірнеше команда қатысады. Қазақстан бұл чемпионатқа небәрі бес жылдан бері қатысып келеді. Соған қарамастан, ондаған жылдық тәжірибесі бар мемлекеттермен тең дәрежеде бәсекеге түсудеміз, — деді USTEM Foundation қорының жетекшісі Асылбек Мұрзахметов.