Абай облысының әкімі ауылдарда салынған медициналық нысандардың сапасын сынға алды

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Қала және аудан әкімдері бейне режимде қатысқан отырыста Абай облысының 1-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және бюджет қаражатын игеру, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы талқыланды. Бұл туралы Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды

Жиында Денсаулық сақтау және Құрылыс басқармаларының басшылары баяндама жасады.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабековтің мәліметінше, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары өңірде 65 алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу жоспарланған. Былтыр соның 62-сінің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру актілері рәсімделген. Алайда медициналық мекемелердің көпшілігі халыққа қызмет көрсетуге толық дайын емес.

Абаттандыру жұмыстары аяқталмаған, медициналық құрал-жабдықтар орнатылмаған. Жиһаздар толық жеткізілмеген. Кейбір ғимараттардың шатырынан су ағып, ішкі қабырғалары жарыла бастаған. Қазіргі уақытта 62 нысанның тек 10-ы аудандық ауруханалардың қарамағына берілген.

Жиында баяндама жасаған Құрылыс басқармасының басшысы құрылыс жұмыстарының аяқталуы кесте бойынша қыс мерзіміне келгендіктен көгалдандыру, абаттандыру шараларының көктемге қалғанын айтты. Басқарманың мәліметінше, қазіргі уақытта 22 нысанда абаттандыру және сыртқы әрлеу жұмысы жүргізілуде. 17 медициналық мекемеде қыстан қалған сыртқы жұмыстар мен абаттандыру шаралары осы аптада басталады.

Облыс әкімі өңір халқы қаншама жылдан бері тағатсыздана күтіп отырған медициналық нысандардың уақытында пайдалануға берілуін бақыламағаны үшін салаға жауапты орынбасары мен Құрылыс басқармасының жұмысын сынға алды.

«Орын алған жағдай жоғарыда аталған тұлғалардың салғырт жұмысының нәтижесі деп санаймын. Өткен аптада Аягөз ауданына барғанымда бірнеше ауылдың тұрғындары салынған медициналық нысандардың құрылысына шағымдарын айтты. Былтыр жыл соңында қабылданған ғимараттар неге әлі күнге дейін іске қосылмай отыр? Осыған жауапты Құрылыс басқармасы не қараған? Бұл – халыққа қызмет көрсететін орындар. Аудан, ауыл әкімдері ғимараттар сіздердің аумақтарыңызда болғандықтан нысанды қабылдау кезінде қадағалауға алу керек еді. Бұған сіздер де жауаптысыздар» деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі орын алған олқылықтарды жою мақсатында Құрылыс басқармасының мамандарын құрылыс жүргізіліп жатқан әрбір нысанға жауапты ретінде бекітіп, күнделікті бақылау жасауды тапсырды.

Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына барлық құрылыс нысандарына барып, сапасына кешенді қадағалау жүргізіп, қорытындысын баяндау қажеттігін айтты. Құрылыс және цифрландыру басқармалары бірлесіп, әр құрылыс нысанына бейнебақылау камераларын орнату керек.

«Медициналық нысандардағы атқарылмаған ішкі, сыртқы жұмыстар толық қалпына келтірілсін. Салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары әр екі апта сайын құрылыс барысы бойынша арнайы жиналыс өткізіп, жағдайды тұрақты қадағалауда ұстауы тиіс. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда болады» деді аймақ басшысы.