Қауіпті аулау: Мамандар балықтағы сынапты қалай анықтайды

Балық ежелден салауатты тамақтанудың нышаны саналады – ол ақуыз бен омега-3 май қышқылдарының табиғи көзі. Алайда оның пайдалы дәмінің тасасында көзге көрінбейтін қауіп жасырынып жатуы мүмкін. Әңгіме ағзада жиналып, сынап – денсаулыққа елеулі зиян келтіретін ауыр метал

Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Референс-зертханасы мамандарының айтуынша, сынаптың шекті мөлшерден асуын дер кезінде анықтаудың ең сенімді жолы – зертханалық бақылау. Санитариялық-химиялық зерттеулер зертханасының химигі Айнұр Серікқанқызының айтуынша, сынап табиғи ортаға негізінен өндірістік қалдықтар арқылы тарайды. Ол атмосфераға, су мен топыраққа түсіп, жаңбырмен су айдындарына шөгеді. Мұнда микроорганизмдердің әсерінен ең улы түріне – метилсынапқа айналып, қоректік тізбекке еніп кетеді: алдымен микробалдырлар арқылы ұсақ балықтарға, одан ірі жыртқыш балықтардың түрлеріне өтеді. Балықтың ас тізбегіндегі орны  жоғары болған сайын, соғұрлым оның ағзасында жиналатын улы элементтің мөлшері көп болады.

Зертханалық талдаулар көрсеткендей, сынаптың жоғары концентрациясы көбіне кептірілген және қақталған балықтарда анықталады – себебі ылғал азайған сайын улы заттардың үлесі арта түседі. Ал салыстырмалы түрде қауіпсіз саналатын түрлерге мойва, сельдь, хек және треска сияқты ұсақ теңіз балықтары жатады.

Сынаптың аз ғана мөлшері де ағзаға ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Ол зат алмасуды бұзып, бауыр мен бүйрекке, жүйке жүйесіне кері ықпал етеді. Әсіресе жүкті әйелдер мен балалар үшін аса қауіпті – улы зат ұрықтың жүйке жүйесінің дамуын баяулатуы ықтимал.

«Сынаптың дәмі де, иісі де жоқ, бірақ ол ағзада жиналып қалуы мүмкін. Сондықтан балықтың қауіпсіздігін анықтаудың ең дұрыс жолы – зертханалық талдау», – дейді Айнұр Серікқанқызы.

Зерттеу барысында заманауи талдау құрылғылары қолданылады, олар сынаптың іздік мөлшерін де дәл анықтай алады. Әр сынама арнайы дайындықтан өтіп, алынған нәтижелер санитариялық нормалармен салыстырылады. Мұндай бақылау адам денсаулығына қауіпті өнімдердің саудаға түспеуін қамтамасыз етеді.

Мамандар тұтынушыларға шығу тегі белгісіз қақталған немесе кептірілген балықты сатып алмауға, өнімнің ветеринариялық сертификатына назар аударуға, ұсақ теңіз түрлерін таңдауға және бір сортты балықты шамадан тыс тұтынбауға кеңес береді.

Балық – адам тағамының ажырамас бөлігі. Бірақ оның пайдасы – қауіпсіздікпен тікелей байланысты. Сенімді көзден алынған әрі зертханалық тексерістен өткен өнім ғана дастарқанға «ауланған қауіпті ас» емес, нағыз пайдалы тағам болып жетеді.