ТЖМ: Жаз құрғақ болады деп күтілуде

Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен бірлесе отырып, ведомствоаралық жоспарды бекітті, табиғи өрттерге, оның ішінде шекаралас мемлекеттермен әрекет ету алгоритмдері түзетілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Primeminister.kz.

«Өңірлерде аумақты тазарту және жырту жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ орманды дала алқаптарында алдын алу шаралары басталды. Әкімдіктерге өрттің қауіпті кезеңіне дайындықтың жеткіліксіздігі туралы 700-ден астам ескерту берілді. Сонымен қатар, Қазгидрометтің болжамына сәйкес, жаз құрғақ, шөпті болады деп күтілуде, сол арқылы өрт қауіптілігінің жоғары қаупі сақталады» – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ҚР ТЖМ Командалық орталығында тәулік бойы жедел топ жұмыс істейді. Өткен жылдағыдай, өрт ошақтарының алдын алуға және ерте анықтауға басты назар аударылады. «Орман» және «Табиғат» ақпараттық жүйелері, орман шаруашылықтарының бейнебақылау деректері, космомониторинг және ТЖ геоақпараттық жүйесі арқылы өрт жағдайына мониторинг жүргізіледі.