Мәдениет

Ұлы Абайдың мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек – Берік Уәли

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық жиында Абайдың 180 жылдығы мен Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні, Жеңіс күні мерекелерін атап өтуге дайындық барысы қаралды

Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі, Ішкі саясат, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары атаулы даталарға орай жоспарланған негізгі іс-шаралар туралы баяндады, деп хабарлайды Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Абайдың 180 жылдығына орай Семей қаласы мен Абай ауданында ауқымды мәдени-танымдық шаралар өтеді. Қазақстан халқының бірлігі күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында облыста 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Жеңістің 80 жылдығына орай өңірде 273 іс-шара ұйымдастыру көзделген.

Аймақтағы соғыс және тыл ардагерлеріне әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылған. Облыс бойынша 1693 адамға біржолғы көмек беріледі.

Облыс әкімі жиында Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі мен Ішкі саясат басқармаларына ұлы ақынның 180 жылдығын атап өту бойынша арнайы қадамдық іс-шара жоспарын әзірлеуді, мерейтой кезінде қызмет көрсететін волонтерларды оқытып, дайындауды тапсырды.

Абай ауданы әкімі мен Энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына мерейтой ұйымдастырылатын жерлердегі санитарлық орындардың талапқа сай болуын жүктеді.

Мамыр айындағы мерекелерді атап өту кезінде өскелең ұрпақты патриотизм, бірлік пен татулық рухында тәрбиелеуге үндейтін, Қазақстан халқы Ассамлеясының 30 жылдығы мен «Жұмысшы мамандықтары» жылының маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған іс-шараларға басымдық беру қажеттігін айтты.

Қала және аудан әкімдеріне Ұлы Отан соғысына қатысушылардың монументтерін, ескерткіштерін, жерленген жерлерін қалпына келтіруді, абаттандыру жұмыстарын жүргізуді міндеттеді.

«Президент айтқандай, ұлы Абайдың мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек. Іс-шаралардың мән-мазмұнына, тағылымды тұстарына баса назар аударымыз қажет» деді аймақ басшысы.

Кеңейтілген аппараттық жиында облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айнұр Ақмырза аймақ басшысына «Таза Қазақстан» бағдарламасы бойынша өңірде атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Аймақта 12 сәуірде өткен сенбілікке облыстың 22,8 мың тұрғыны қатысып, 1053 ұйым және 438 техника жұмылдырылған.Облыс әкімі отырыста республикалық бағдарлама аясында бастау алған жалпыөңірлік тазалық акциясын жандандыруға қатысты нақты тапсырмалар берді.

«Өңір тұрғындары Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған тазалық акциясын жақсы қолдап, қызығушылық танытып, сенбілікке белсенді қатысуда. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру қажет. Тазалық мәдениетін халықтың санасына сіңіруіміз керек» деді аймақ басшысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button