Денсаулық

Облыс әкімі Семей қаласындағы ауруханалардың өзекті мәселелерімен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли бүгін Семей қаласындағы негізгі медициналық мекемелерді аралады. Аймақ басшысы облыстық жедел жәрдем ауруханасы мен №1 қалалық емхананың өзекті мәселелерімен танысты

Облыстық жедел жәрдем ауруханасы 2013 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынып, пайдалануға берілген. Заманауи медициналық мекеме 375 төсек-орынға арналған, деп мәлімдейді Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Аурухана басшысы облыс әкіміне бірқатар өзекті мәселелерді жеткізді. Жерасты суының көтерілуіне байланысты медициналық мекеменің жертөлесіне судың жайылғандығын айтты. Аймақ басшысы бұл мәселеден хабардар екенін атап өтті.

«Ғимарат құрылысы әуелде дұрыс жоспарланбаған. Жер бедері толық зерттелмеген. Дренаж жүйесі де дұрыс жобаланбаған. Сондықтан ғимараттың іргетасына зақым келу қаупі бар. Бұл мәселені шешу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Мәселені шешу жолдарын қарастырамыз. Жеке бақылауымда болады» деді облыс әкімі.

Бүгінде ауруханада кадр тапшылығы жоқ. Мамандарды баспанамен қамту мәселесі бар.

Қазіргі уақытта жедел жәрдем ауруханасының барлық корпустарының шатыры мен қасбеттеріне күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұған облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Мердігер компания өкілі құрылысты жыл соңына дейін бітіретінін жеткізді.

Аймақ басшысы жөндеу жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтау керектігін тапсырды. Ауруханада инсульт орталығы, эндокринологиялық, гематологиялық, кардиологиялық бөлімшелер сияқты өңірдегі бірегей медициналық құрылымдар жұмыс істейді. Сонымен қатар, хирургия, көпсалалы жарақат және ортопедиялық хирургия, урология бөлімдері тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсетеді.

Мұндағы қабылдау-диагностикалық бөлімше жылына 39 мыңнан астам науқасты қабылдайды. Ауруханада 12 операциялық зал бар. Соның ішінде заманауи гибридті операциялық және күндізгі стационар қарастырылған.

Медициналық мекемеде жылына 9 мыңнан аса хирургиялық, травматологиялық, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, гинекологиялық және урологиялық операциялар жасалады.

Облыс әкімі барған екінші медициналық нысан – №1 қалалық емхана. Бұл – шаһардағы ең ірі амбулаториялық мекемелердің бірі.

1977 жылы салынған екі корпусты емханада 92 дәрігер мен 189 орта медициналық қызметкер еңбек етеді. Мекеменің материалдық-техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған. Емханада 7 бөлім, денсаулық, амбулаториялық хирургия, денсаулық орталықтары, профилактика және әлеуметтік-психологиялық, балалар стоматологиясы, шұғыл медициналық көмек бөлімдері жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта ауруханаға 38 мыңнан астам адам тіркелген. Бір ауысымда 500-ге жуық науқас қабылданады. Мұндағы өзекті мәселе – ғимараттың ескіріп, тозып тұрғандығы. Нысан бірде бір рет күрделі жөндеу көрмеген. Қазіргі уақытта жобалық сметалық құжаттама әзірленуде. Аймақ басшысы медициналық мекеменің қала тұрғындары үшін маңызы жоғары екенін атап өтті.

«Халықтың ең көп жүгінетін жерлерінің бірі – осы емхана. Мұнда тұрғындарға заман талабына сай қызмет көрсетілуі керек. Нысанды күрделі жөндеуден өткізуіміз қажет. Әкімдік тарапынан барлық қолдауды көрсетеміз. Өңірдегі тозығы жеткен медициналық нысандарды кезең-кезеңімен жаңғыртуды жоспарлап отырмыз» деді облыс әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button