Қоғам

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру тетігі қалай өзгереді – Еңбекмині

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру және субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан адамдардың жалақысын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 275 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ведомство басшысы бұйрығының жобасын (бұдан – Жоба) әзірледі. Құжат 2025 жылғы 15 сәуірге дейін жария талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.

Жоба келесідей өзгерістерді көздейді:

– процестерді оңтайландыру және жұмыс берушілерден субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінімдерді қабылдаудың нақты мерзімдерін белгілеу. Осылайша, 2025 жылы өтінімдерді қабылдау 1 ақпаннан 30 қыркүйекке дейін, ал 2026 жылға – осы жылдың 15-31 желтоқсаны аралығында жүзеге асырылады;

– жұмыс берушілердің мансап орталықтарының қатысуынсыз Электрондық еңбек биржасы арқылы субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысу талаптарына сәйкестігіне автоматты тексеруді енгізу, сондай-ақ жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру процесін автоматтандыру;

– субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім беретін жұмыс берушілердің жауапкершілігін бекіту;

– масылдықты болдырмау мақсатында субсидияланатын жұмыс орындарына жұмыссыздардың қайта қатысу критерийлерін айқындау. Осылайша, жұмыссыздарды субсидияланатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру екі жыл ішінде бір рет жүзеге асырылатын болады;

– жұмыс берушілер арасында субсидияланатын жұмыс орындарын әділ бөлу үшін жұмыс беруші берген өтінімге сәйкес жұмыскерлердің тізімдік санына қарай жұмыс орындарының санын автоматты түрде есептеуді енгізу;

– еңбек мобильділігі орталықтары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылардың еңбегіне ақы төлеу бойынша өзара іс-қимыл тәртібін нақтылау. Енгізілген түзетулер өтінімдерді қалыптастыру, қаражат аудару және есептілік мерзімдері мен тетіктерін нақтылайды.

Бұл жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және/немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ мемлекеттік бюджет қаражатынан қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді.

Құжатпен толығырақ https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15503195 сілтемесі бойынша «Ашық НҚА» порталына өтіп,  танысуға болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button