
Бүгінде тұтынушылар косметикалық өнімнің әсеріне ғана емес, оның қауіпсіздігіне де ерекше мән береді. Сіз пайдаланып жүрген сүрме қауіпсіз бе? Лосьон теріні тітіркендірмей ме? Мұның бәрі қалай тексеріледі – шынымен де әлі күнге дейін сынақ жасау үшін жануарларды пайдалана ма?
Байқап қарасақ бүгінде зертханаларда in vitro әдістері кеңінен қолданылып келеді екен. Олар крем, сусабын мен парфюмерия құрамын жануарларды қолданбай-ақ сынауға мүмкіндік береді. Осындай әдістердің бірі – бұқа ұрығының қозғалмалы жасушаларын пайдалану. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының Токсикология зертханасының маманы, Ғабит Бахтиярұлы Мұқанов айтып берді.
– Ғабит Бахтиярұлы, әңгімені басты сұрақтан бастайық. Неліктен косметикалық өнімдерге токсикологиялық талдау қажет?
– Өйткені кез келген парфюмерлік-косметикалық өнім – сусабын болсын, жасартатын крем болсын – ондаған түрлі компоненттерден: хош иістендіргіштер, бояғыштар, эмульгаторлар, консерванттардан тұрады. Бұл заттар жоғары концентрацияда аллергия, тітіркену немесе улану әсерін тудыруы мүмкін. Сондықтан өнім тұтынушының қолына жетпей тұрып, біз оның қауіпсіздігін анықтаймыз. Бұл тек тұтынушының денсаулығы үшін ғана емес, өнім өндірушінің сенімділігі үшін де маңызды.
– Зертханаңызда қолданылатын in vitro әдісі туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, біз in vitro, яғни «тірі организмнен тыс» әдісті қолданамыз. Бұл – жануарларға тәжірибе жасалуды қажет етпейтін тәсіл. Оның орнына біз жасушалық жүйелерді, нақтырақ айтсақ – бұқа ұрығының қозғалмалы жасушаларын пайдаланамыз. Олар ең аз мөлшердегі уытты әсерге де өте сезімтал болғандықтан, қауіпсіздік көрсеткіші ретінде өте тиімді.
– Бұқа ұрығы – тосын таңдау сияқты. Неліктен дәл осы жасушалар?
– Ұрық жасушалары – өте белсенді, тірі, әрі жылдам әрекет ететін жүйе. Олар сыртқы әсерге тез жауап береді. Егер өнімнің құрамында токсикологиялық әсер болса, ұрық жасушаларының қозғалысы мен өміршеңдігі азаяды. Мұны біз AT-05 токсикология анализаторы арқылы нақты және жылдам анықтаймыз.
– Бұл құрал қалай жұмыс істейді?
- AT-05 – үш негізгі көрсеткішті бағалайтын жоғары дәлдіктегі құрылғы:
- Жасушалардың қозғалу белсенділігі;
- Олардың өміршеңдігі;
- Метаболизм деңгейі.
Біз косметикалық өнімнің бір бөлігін зерттеу үлгісіне қосамыз және осы көрсеткіштердің қалай өзгеретінін бақылаймыз. Қозғалыс төмендесе – бұл уыттылықтың белгісі. Құрал қысқа уақытта сенімді нәтижелер береді.
– Бұл әдістің классикалық тәсілдерден қандай артықшылықтары бар?
– Артықшылықтары көп. Біріншіден, жоғары дәлдік – тіпті әлсіз уыттылықты ерте сатысында анықтай аламыз. Екіншіден, жылдамдық – нәтижелер бір күн ішінде дайын болады. Үшіншіден, этикалық тұрғыда тиімді – жануарларды пайдаланбаймыз, бұл халықаралық стандарттарға сай келеді. Сонымен қатар, бұл – ресурсты үнемдеу, яғни уақыт та, қаржы да тиімді жұмсалады.
– Қандай косметикалық компоненттер ең жиі тексеріледі?
– Ең алдымен, бұл – хош иістендіргіштер, консерванттар, бояғыштар мен белсенді қоспалар. Олар терімен тікелей әрекетке түсетіндіктен, ықтимал реакциялар тудыруы мүмкін. Біз дайын өнімдерді де, болашақта қолданылуы мүмкін жеке компоненттерді де сынаймыз.
– Яғни, бұл – тірі биология мен технологияның тоғысқан жері ме?
– Дәл солай. Бұл әдіс – биология, токсикология және сандық аналитиканың қиылысында орналасқан. Бұл – біздің саланың болашағы. Мұндай тәсілдер бізге ғылыми дәлдіктен бас тартпай-ақ, өнімнің қауіпсіздігін сенімді түрде растауға мүмкіндік береді.
– Сіз тұтынушыларға не айтар едіңіз?
– Кез келген кремнің немесе парфюмнің артында – көп еңбекті қажет ететін зертханалық талдау жатыр. Біздің басты мақсатымыз – сіздің теріңізге түсетін әрбір тамшы өнімнің тек әсерлі ғана емес, қауіпсіз болуын қамтамасыз ету. Бүгінде біздің зертханада осы мақсатқа сай келетін, дәл, жылдам және халықаралық талаптарға жауап беретін құралдар бар.
– Соңғы сұрақ: сіз үшін токсикологиялық зертханада жұмыс істеу нені білдіреді?
– Бұл мен үшін – адам денсаулығын қорғау жолындағы еңбек. Мен дәрігерлер сияқты алдыңғы шепте ем жүргізбесем де, халыққа зиян келтіретін заттардың қолына түспеуіне тосқауыл боламын. Бұл – жауапты әрі маңызды миссия.