Қауіпсіздік жолындағы көрінбейтін күрес: аз айтылатын, бірақ маңызды мамандық

Қауіпсіз өмірді қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстарды сырттай байқамасақ та, оларсыз оны елестету мүмкін емес. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация — бұл тек санитариялық шаралар емес, адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін көрінбейтін жауларға қарсы күрес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 1200-ден астам инфекциялық аурулар бар, олардың көпшілігі ауыр асқынуларға және жаппай індеттерге әкелуі мүмкін. Айнаш Түсіпбекова, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығының дезинсекция, дератизация және дезинфекция бөлімінің басшысы, бұл күресті 15 жылдан бері жүргізіп келеді. Біз, осы мамандықтың қиындықтары, төтенше жағдайлар мен осы жұмыстың қоғам үшін қаншалықты маңызды екені туралы әңгімелестік.
— Айнаш Мейрамқызы, сіз қалай осы салаға келдіңіз?
— Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасындағы қызметке 2009 жылы кірістім. Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын тәмамдап, санэпидстанцияда тәжірибе жинақтадым, кәсіпкерлікпен айналыстым, бірақ медицина менің жүрегімнің қалауы екенін түсінетін едім. Біздің дезинсекция, дератизация және дезинфекция бөліміміз 2008 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Біз стратегиялық маңызы бар нысандарда қызмет көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз.
— Сіздің жұмысыңыз қаншалықты қауіпті және күрделі?
— Біз инфекциялармен, зиянкестермен және қауіпті химиялық заттармен – инсектицидтер мен родентицидтермен жұмыс істейміз. Бұл құралдар бізге қауіп-қатерлермен күресуге көмектеседі, бірақ оларды қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажет. Мамандарымыз қауіпсіздік костюмдерін киіп, ауыр жабдықтармен жұмыс істейді. Дезинфекциялау жұмыстары жабық ғимараттарда, кейде тіпті инфекция таралу қаупі жоғары жағдайларда жүргізіледі. Ең күрделі жағдай ол – инфекциялардың кенеттен таралуы. Кейде біз эпидемияға әкелуі мүмкін қауіпті вирус және бактериялармен бетпе-бет келеміз, егер уақытында шаралар қабылдамасақ, жағдай бақылаудан шығып кетуі әбден мүмкін.
—Жедел шақыртуларға қаншалықты жылдам әрекет етесіздер?
— Жеделдік – ең маңызды фактор. Біз кез келген уақытта шұғыл шақыртуға дайын болуымыз қажет. Көбінесе бізді төтенше жағдайларға шақырады, онда дереу өңдеу жұмыстары жүргізіліп, ықтимал қауіптердің алдын алу қажет. Мұндай сәттерде әр минуттың маңызы бар. Біздің міндетіміз — ғимараттарды жылдам өңдеп, инфекцияның таралуына жол бермеу және айналадағы адамдарға қауіп төндіруді минимумға дейін түсіру. Команданың әрбір мүшесі үйлесімді жұмыс істейді, себебі біз бұл жұмыстың адамдардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін түсінеміз.
— Сіздің тәжірибеңізде ең қиын кезең қандай болды?
— Әрине, COVID-19 пандемиясы. Бұл біз үшін үлкен сынақ болды. Мамандарымыз күн-түн демей, ғимараттарды, көліктерді, қоғамдық орындарды дезинфекциялап, инфекция ошақтарын өңдеді. Қорқыныш, шаршау, ұйқының жетіспеушілігі — бізді сол кезеңде қатты қажытты. Вирустың қалай тарап жатқанын, адамдардың ауырып, қайтыс болып жатқанын көріп, біздің жұмысымыз олардың өмірін қорғауға арналған қорған екенін терең түсіндік. Қиын жағдайларға қарамастан, ешкім жұмысынан бас тартқан жоқ. Біз өз жұмысымыздың маңызды екенін білдік, әрі бұл бізге күш сыйлады десе болады.
— Сіздің ұжымыңыз қандай?
— Бұл нағыз батырлар, өз ісінің шеберлері. Олар өз еңбегінің тек жұмыс қана емес, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, адамдардың амандығын қорғау екенін терең түсінеді. Әрбір әрекеттері мен қадамдары қоғамның тыныштығы мен әл-ауқаты үшін жасалады. Олардың мобильдігі, шыдамдылығы мен тәртібі болмаса, біз қауіптерге жедел әрекет ете алмайтын едік. Әрқайсысы — сенім артуға болатын адамдар, олардың құндылығы да сонда жатыр.
— Өз таңдауыңызға өкіндіңіз бе?
— Ешқашан өкінген жоқпын. Иә, бұл жұмыс қиын, кейде сырт көзге байқалмайтын да жұмыс, бірақ бұл жұмыссыз қалыпты өмірді елестету мүмкін емес біз күн сайын көрінбейтін қауіптермен күресіп, адамдардың бейбіт өмірін сақтаймыз, ал олар біздің жоюға тырысатын қауіптерімізді көбіне білмейді де. Кейде ойлаймын, егер біз сол сәтте қажетті шараларды қабылдамағанда, қанша адам ауырып қалуы мүмкін еді? Бұл ойлар бізге күш беріп, дұрыс жолда екенімізге сенім ұялатады.