БастыСаясат

Абай облысында тауарлық несие жобасы жүзеге асырылады

Семейде Премьер-Министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша кеңес өтті. Жиынға Абай облысының әкімі Берік Уәли, өңірдің қала-аудандарының әкімдері, тиісті басқарма басшылары, шаруа қожалығының жетекшілері қатысты. Ауыл әкімдері отырысты бейне режимде көрді. Бұл туралы Кaznovosti.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеңесте облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ертай Қуанбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасының өңірде іске асырылу барысы туралы баяндады. 2023 жылы бағдарлама аясында 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 365 жеңілдетілген шағын несие берілген. 280 жұмыс орны құрылып, 210 жеке кәсіпкер тіркелді. Нәтижесінде 340 тонна ет, 10 тонна бал өндірілген. Бағдарламаның көмегімен ашылған наубайханаларда 216 мың бөлке нан шығарылған.

Биыл облыс 1 млрд. теңге сомасына 115 жоба әзірледі. Оның ішінде 55 жоба дәстүрлі емес бизнес көздерін ашуға (жиһаз жасау цехын ашу, кондитерлік цехқа құрал жабдықтар сатып алу, техникалық қызмет көрсету станциясын ашу, наубайхана ашу), 29 жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге, 7 жоба балық шаруашылығын дамытуға бағытталмақ.

Премьер-Министрдің кеңесшісі бағдарламаны жүзеге асыру барысында мал шаруашылығына ғана көңіл бөлмей, дәстүрлі емес шаруашылықтарды дамыту керегін атап өтті.

«Ауыл аманаты» – Президенттің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан, ауыл халқын қолдауға, әл-ауқатын арттыруға бағытталған арнайы бағдарлама. Өкінішке қарай, соңғы жылдары ауылдан қалаға көшу тоқтамай тұр. Осыны тоқтату үшін бағдарламаны жандандыру керек. Халық тұтынатын негізгі азық-түлік тауарларының 65 түрі бар. Абай облысында соның 17 түрі дамыған екен. Сондықтан қалған түрлерін өңірде дамыту бойынша жұмыс істеу керек. Әсіресе, ауыл әкімдері. Әкімдердің міндеті – ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Үкімет тарапынан тиісті қолдау білдіретін боламыз» деді Ералы Тоғжанов.

Кеңес барысында Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының Тәңірберген ауылдық округінің әкімі өз тәжірибесімен бөлісті. Бұл елді мекенде «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 60-қа жуық жоба сәтті жүзеге асқан. Құс шаруашылығы бойынша несиеге қол жеткізген ауыл тұрғыны 300 тауық пен қаз сатып алып, жеке қосалқы шаруашылық ашқан. Ауылда жұмыссыздық жойылған.

Жиында Абай облысында тауарлық несие жобасын жүзеге асыру бастамасы да талқыланды. Жобаның мақсаты – ауылдағы жағдайы төмен тұрғындарға қайтарымды негізге мал беру арқылы олардың әл-ауқатын жақсарту. Облыс кәсіпкерлері жобаны қолдауға дайын екенін жеткізді. «Агрофирма Приречное», «Өрнек», «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жетекшілері Мұхит Тұмабаев, Ержан Қойгелдин, Марат Қалиқанұлы, «Кезеңсу» АӨК директоры Нұртуған Манап, «Qazaq-onimi» ЖШС директоры Дастан Ықыбаев және «Оңдасын Саябек» ЖК жетекшісі Саябек Оңдасынұлы секілді кәсіпкерлер бастамаға бірінші болып қолдау білдіріп, 2100 бас сиыр, жылқы, қой мен ешкіні тұрғындарға беретінін айтты.

«Өте орынды бастама. Ауылды сақтап қалуға септігін тигізетін игі бастама. Ауылға көшіп келем, жұмыс істеймін деген азаматтар болса көмектесуге дайынбыз. Сиырды да, қойды да беруге әзірміз. Біздің Көкпекті ауданында көкөніс өсіріп, омарта шаруашылығымен де айналысуға болады» – деді «Өрнек» шаруа қожалығының басшысы Ержан Қойгелдин.

Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасын жандандыруды, өңірдің ауыл әкімдеріне Мәртөк ауданының тәжірибесін негізге алып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.

«Абай облысының әлеуеті зор. Кеңес заманы кезінде мал шаруашылығымен, ауыл шаруашылығымен даңқы шыққан аймақ. Сол әлеуетті қайта қалпына келтіруіміз керек. Басталған жобаларға облыс әкімдігі тарапынан барлық жағынан қолдау білдіреміз. Тауарлық несие жобасы бойынша ауыл әкімдігі, кәсіпкерлер мен тұрғындар арасында үш жақты келісім жасауымыз қажет. Кепілдеме мәселесін айқындап, тараптар жауапкершілікті бірлесіп алуымыз керек» деді аймақ басшысы.

Премьер-Министрдің кеңесшісі жиыннан кейін Семейдегі өсімдік майын өндіретін “Qazaq-Astyq Group” компаниясы мен «Бақыршық» кен өндіру кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button