
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшылығының «бейбітшілікке адалдығын» дәлелдегенге дейін әскери көмекті уақытша тоқтатуға бұйрық берді
Бұл шешім Ақ үйдің Сопақша кеңсесінде Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен кездесуден бірнеше күн өткен соң қабылданды, деп хабарлайды ВВС.
«Президент бейбітшілікке ұмтылатынын анық көрсетті. Біз серіктестеріміздің де осы мақсатқа адал болуын күтеміз. Әскери көмектің мәселелерді шешуге ықпал ететініне көз жеткізу үшін біз оны уақытша тоқтатып, қайта қарастырып жатырмыз», — деп мәлімдеді Ақ үйдің ресми өкілі. Оның сөздерін әлемдік ақпарат агенттіктері мен америкалық БАҚ таратты.
Дональд Трамп бұл шешімге қатысты әзірге пікір білдірмеді, Ақ үйден де ресми ақпарат түскен жоқ.
Дүйсенбі күні журналистердің «Украинаға әскери көмекті тоқтатасыз ба?» деген сұрағына жауап берген Трамп: «Әрі қарай не болатынын көрейік», — деп қысқа қайырды.
Bloomberg және Fox News агенттіктерінің мәліметінше, бұл уақытша үзіліс Трамп Украина басшылығының «бейбітшілікке адалдығын» нақты көргенге дейін жалғасады.
«Бұл көмектен толық бас тарту емес, тек уақытша үзіліс», — деп атап өтті Fox News әкімшілік өкіліне сілтеме жасап.
Bloomberg мәліметінше, бұл шешім Украинаға әлі жеткізілмеген барлық америкалық әскери жабдықтарға қатысты болмақ. Оған Польша арқылы транзитті күтіп тұрған немесе жолда келе жатқан қару-жарақтар да кіреді.