Абай облысының әкімі пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару қарқынын арттыруды тапсырды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиналыс өтті. Отырыста пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару және бюджет қаражатын тиімді игеру мәселелері де қаралды, деп хабарлайды Кaznovosti.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірде 2022 жылы пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша ведомствоаралық кіші топ құрылған. Комиссия жұмысының нәтижесінде 512,8 мың гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылған.

Облыстық қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биылғы жылдың соңына дейін 170 мың гектар пайданылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда 51,5 мың гектары қайтарылған. Бұл жұмыс Бородулиха, Жарма, Мақаншы аудандарында баяу жүргізілуде.

Облыс әкімі аудан әкімдеріне пайдаланылмайтын жерлерді қайтару бойынша жұмыс қарқынын күшейтуді тапсырды.

«Аудан әкімдері ауыл халқын жайылымдық жермен қамтамасыз ету жұмысын қатаң бақылауда ұстаңыздар. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлерді қайтадан экономикалық айналымға енгізу тәртібі заң талабы аясында жүзеге асырылуы қажет. Бұл – Мемлекет басшысының назарындағы мәселе» деді облыс әкімі.

Жиында күнтәртібіндегі үшінші мәселе бюджет қаражатын игеру бойынша Қаржы басқармасының басшысы Гүлфайрус Серікболова баяндады. Аймақ басшысы облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, қалалар және аудандардың әкімдеріне бюджет қаражатын толық әрі уақтылы игеру жөнінде тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.