
ХАМАС Газада қаза тапқан төрт израильдіктің денесін қайтарды. Бұл қадам екі тарап арасындағы келісім аясында жүзеге асқан, оған сәйкес Израиль 600-ден астам палестиналық тұтқынды босатты, деп хабарлайды ВВС.
Израиль тарапы қазіргі уақытта ДНҚ сараптамасын жүргізіп, қайтарылған денелердің Шломо Мансурға, Охад Яхаломиге, Цахи Иданға және Ицик Элгаратқа тиесілі екенін тексеруде.
Сараптама бұған дейін орын алған жағдайда байланысты өткізілуде. Атап айтқанда, ХАМАС Израильге израильдік тұтқын Шири Бибастың орнына палестиналық әйелдің денесін тапсырған. Бұл оқиға Израиль қоғамында үлкен наразылық туғызды. Артынша ХАМАС Шири Бибастың денесін қайтарған болатын.
Бейсенбі күні таңертең Израиль түрмелерінен босатылған палестиналық тұтқындардың алғашқы легі Батыс жағалау мен Газадағы үйлеріне оралды. Оларды халық қолдап, қуанышпен қарсы алды.
Бұл келісім – тараптар арасындағы уақытша бітімнің алғашқы кезеңіндегі соңғы тұтқын алмасу әрекеті. Жоспарға сәйкес, келісімнің бұл кезеңі сенбі күні аяқталуы тиіс.
Айта кетейік, өткен сенбіде Израиль ХАМАС-тың тұтқындарды босату тәсіліне наразылық білдіріп, 602 палестиналықты бостандыққа шығаруды белгісіз мерзімге шегерген болатын. Израиль тарапы ХАМАС-ты тұтқындарды қайтару барысында «қорлайтын» әрекеттер жасап, оларға қатыгездік көрсетуге тырысты деп айыптады.
Бұл жолғы тұтқын алмасу рәсімі бұрынғыдан өзгеше өтті. Израиль тарапы талап еткендей, ХАМАС қайтарылған денелерді жария түрде өткізбей, көпшіліктің назарынан тыс тапсырды.