
Қазақстанда атқарушылық жазба процесін цифрландыру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл туралы отырыс барысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Үкіметінің Баспасөз қызметі.
«E-notary» жүйесінде іске асырылатын бұл бастама істерді адамның қатысуынсыз автоматты түрде бөлуге мүмкіндік береді, бұл нотариаттық қызметтерді цифрландырудағы маңызды қадам болады.
Атқарушылық жазба нотариус растаған міндеттемелер бойынша, орындау мерзімі өткен жазбаша мәмілелер бойынша, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңында көзделгендей кондоминиумның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға міндетті шығыстарға қатыспайтын пәтер иелерінен борыштарды өндіріп алу жөніндегі талаптарды қамтитын даусыз талаптар бойынша борыштарды өндіріп алу үшін пайдаланылады.
Бүгінгі таңда Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтің 94 түрін ұсынады, оның 35-і толық, ал 49-ы ішінара автоматтандырылған. 2024 жылы 14 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, олардың 87%-ы электронды форматта ұсынылған. Жылжымайтын мүлікке техникалық паспорттар беру және заңды тұлғаларды тіркеу ең сұранысқа ие қызмет түрі болып қалып отыр.
«Осы жұмыс шеңберінде 17 мемлекеттік қызметті қосқанда, 61 бизнес-үдерісті оңтайландыру іске асырылды. 2025 жылы тағы 31 бизнес-үдеріс өткізу жоспарлануда. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір жақсартуға және халықтың қол жеткізуін арттыруға мүмкіндік берді. Цифрлық трансформацияның арқасында сот шешімдерін орындауға, заңгерлік кеңес беруге және сараптама жүргізуге байланысты процестерді жаңғыртуға қол жеткізілді. Біз жүргізілген реинжиниринг есебінен бизнес-үдерістердің тиімділігі 54%-ға артады деп күтеміз», — деп атап өтті Жаслан Мәдиев.