Абай облысының әкімі кәсіпорын жетекшілерін Семейге инвестиция құюға шақырды

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. «АРАЙ-EAST FOOD» ЖШС, «СемАЗ» ЖШС, Семей цемент зауыты, «Семей инжиниринг» АҚ, Семей машина жасау зауыты сынды өңірдегі іргелі өндіріс орындарында болды. Қызметкерлермен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады, деп хабарлайды Кaznovosti.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«АРАЙ-EAST FOOD» ЖШС 2024 жылдан бері халал стандартына сәйкес шұжық өнімдерін өндірумен айналысады. Кәсіпорын 80-нен астам қайнатылған және ысталған шұжық түрлерін шығарады. Зауыт аумағында инновациялық жабдықтары бар орау желісі және үш өндірістік цех жұмыс істейді. Былтыр кәсіпорын базасында шұжық өнімдерін өндіру бойынша қосымша желі пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде жылына 1,8 мың тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қол жеткізілді. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етеді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндірісті кеңейтуді жоспарлап отыр.

«СемАЗ» ЖШС – еліміздегі ауыл шаруашылығы және жүк техникасын құрастыратын ірі өндіріс орны. Мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорында жылына 3500 «Беларусь» маркалы тракторлар, 10 000 Shacman және «FOTON» жүк көліктері, 1200 түрлі автобус құрастырылады. Былтыр қаладағы автобус паркі осы кәсіпорыннан 60 қоғамдық көлік сатып алған. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі тозығы жеткен автобус паркін жаңғырту үшін алдағы уақытта «СемАЗ» ЖШС-нен жаңа автобустар сатып алынатынын жеткізді.

«Қала тұрғындары қоғамдық көлікке жиі шағымданады. Сондықтан бұл мәселені жедел әрі жүйелі түрде шешуіміз керек», — деді аймақ басшысы.

1958 жылы салынған «Семей цемент зауыты» жылына 1,1 миллион тонна цемент өндіреді. Кәсіпорын 2016 жылдан бастап толық жаңғыртуға бет бұрды. Зауыт өнімдері Қазақстан нарығында сатылып, шетелге экспортталады.

Кәсіпорын жетекшілері облыс әкіміне жүзеге асырылған жобалар туралы баяндап, өндірісті кеңейтуге қатысты жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде аймақ басшысы жергілікті өндіріс орындарына мемлекет тарапынан тиісті қолдау болатынын айтып, кәсіпорын жетекшілерін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында Семейді көркейтуге атсалысуға, қалаға инвестиция құюға шақырды. Жұмысшылардың жалақы мәселесіне де назар аударды. Облыс әкімі Семей машина жасау зауытының жұмысымен де танысып, кәсіпорын басшылығына қызметкерлердің орташа жалақысын көтеруді қарастыруды тапсырды.

«Бүгін жұмысымен танысқан кәсіпорындардың өңір үшін, тұрғындар үшін маңызы зор. Олардың өндірістік әлеуетін ұлғайту бағытында тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Оң бастамаларға, тың жобаларға облыс тарапынан қажетті көмек көрсетіледі. Алдағы уақытта жұмыс кестеме сәйкес өңірдегі басқа кәсіпорындарға арнайы баруды жоспарлап отырмын», — деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы өткен жылы жаңғыртылған қаладағы ІТ және жаңа технологиялар жоғары колледжінің жұмысымен де танысты. Бүгінде мұнда 750-ден астам студент заман талабына сай мамандықтар бойынша білім алуда. Облыс әкіміне студенттердің ғылыми жұмыстары, жетістіктері мен ІТ жобалар таныстырылды.

«Мен бұл колледждің жұмысынан хабардармын. Студенттері халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болып жүр. Өткен жылы облыс бюджетінен қаржы бөлініп, колледж толық жаңғыртылды. ІТ жобалардың әлеуеті зор. Жасанды интеллектті дамыту маңызды. Бұған Мемлекет басшысы да, Үкімет те ерекше назар аударып отыр. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек», — деді Берік Уәли.