БастыЭкономика

Цифрлық шешімдерді дамыту және агрожобаларды қаржыландыру: «Бәйтерек» холдингіндегі стратегиялық сессияның қорытындысы

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінде аграрлық саланы қаржыландырудың өзекті мәселелері мен даму перспективаларына арналған стратегиялық сессия өтті.

Сессия барысында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Басқарма Төрағасы Алмат Әшірбеков 2024 жылғы компания қызметінің нәтижелерін таныстырып, агроөнеркәсіптік кешенді қаржылай қолдауға бағытталған шаралар туралы баяндама жасады. Ол корпорацияның негізгі қаржылық көрсеткіштері, цифрлық технологияларды енгізу және жобаларды қаржыландыру бағытында атқарылған жұмыстарға ерекше тоқталды.

Іс-шараға «Бәйтерек» холдингінің тәуелсіз директорлары Мари-Элен Берар, Дэниел Витт, Манфред Грундке, «Бәйтерек» холдингінің басқарушы директоры Нияз Көшкімбаев, сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ Басқарма төрағасы Айдар Прашев қатысты.

Негізгі қаржылық көрсеткіштер

2024 жылдың қорытындысы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылық көрсеткіштері тұрақты өсім көрсеткен. Басқарма төрағасы Алмат Әшірбековтің мәліметінше, шоғырландырылған несие портфелі 20%-ға ұлғайып, 3,3 млрд долларға (1,8 трлн теңге) жетті.

«Агарарлық несие корпорациясы портфелінің негізгі үлесі (57%) тікелей несие алушыларға тиесілі – 1 239,1 млн доллар (650,7 млрд теңге). Несие серіктестіктері арқылы берілген қарыздар несие портфелінің 32%-ын құрайды. 7% немесе 158,8 млн доллар (83,4 млрд теңге) екінші деңгейлі банктер арқылы берілген несиенің үлесіне, қалған бөлігі (4%) басқа қаржы институттарына тиесілі», – деп атап өтті Алмат Әшірбеков.

Баяндама барысында берілген ақпаратқа сәйкес, корпорацияның таза пайдасы 29%-ға өсіп, алдын ала есептеулер бойынша 51,4 млн долларды (27 млрд теңге) құрады.

Сондай-ақ соңғы үш жылда фермерлерді несиелеу көлемі 528,1 млрд теңгеден 818,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған. 2021 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 70 млрд теңге бөлінсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 321,5 млрд теңгеге жеткізілді. Өткен жылы «Кең дала» бағдарламасы аясында 140 млрд теңге, ал «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 181,5 млрд теңге бөлінді. Жеңілдетілген жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталған.

Агроөнеркәсіптік жобаларды қаржыландыру

Инвестициялық жобаларды дамыту – «Аграрлық несие корпорациясы» қызметінің басым бағыттарының бірі. Жалпы, құны 1,22 млрд долларды (574 млрд теңге) құрайтын 500-ден астам жоба қаржыландырылды, оның ішінде 896,9 млн доллар (421 млрд теңге) ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, сүт-тауарлы фермалар, жылыжайлар және репродукторларды дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар, 2024 жылы жалпы сомасы 22,2 млрд теңге (47,2 млн доллар) болатын 27 жоба іске қосылды. Олардың қатарында суару жүйелері, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау және қайта өңдеу нысандары, сүт фермалары, құс фабрикалары, жылыжайлар мен бақтар бар.

Несиелеу жүйесін цифрландыру

Алмат Әшірбеков өз баяндамасында атап өткендей, «Аграрлық несие корпорациясы» несиелеу процесін оңтайландыру және жеделдету мақсатында цифрлық технологияларды белсенді енгізуде.

«Шағын несие алуға берген өтінімдерді қарау үшін мемлекеттік базалармен және 50-ден астам қызмет көрсету орталықтарымен интеграцияланған онлайн-платформа әзірленді. Өтініш беру процесі үш кезеңнен тұрады және 5 минутта алдын-ала шешім қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Басқарма төрағасы.

Цифрландыру аясындағы негізгі бастамалар:

  • Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығына несие алу үшін берген өтінімдерді қарауды жеделдететін SMART 10 жүйесін енгізу;
  • Несие алушының құжаттарын жинау мен өңдеуді автоматтандыруға мүмкіндік беретін цифрлық несие тарихын жасақтау;
  • Тәуелсіз бағалау үшін BAGALAU.AGRONESIE.KZ порталын іске қосу;
  • AGROBAGALAU APP мобильді қосымшасын әзірлеу.

«Несие берілгеннен кейінгі қызмет көрсетуді автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл несие портфелін басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттырады», – деп атап өтті АНК Басқарма төрағасы.

2025 жылға арналған перспективалар

Баяндамасын қорытындылай келе, Алмат Әшірбеков «Аграрлық несие корпорациясының» 2025 жылға арналған стратегиялық жоспарларына тоқталды.

Оның айтуынша, ерте қаржыландыру тетігін енгізу – фермерлерге көктемгі егіс жұмыстарына уақытылы дайындалуға мүмкіндік береді.

«Несиелеу процестерін жетілдіру жұмыстары жалғасатын болады. Біз Аграрлық несие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржының қаржыландыру көлемін 1 трлн теңгеден астам сомаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.

Ауыл шаруашылығы субъектілеріне қаржылық қолжетімділікті арттыру мақсатында:

  • Кепілмен қамтамасыз етудің онлайн-мониторинг жүйесі енгізіледі;
  • AGROCREDIT APP мобильді қосымшасының мүмкіндіктері кеңейтіледі;
  • Блокчейн технологиясы негізінде кепілдерді онлайн-тіркеу жүйесі іске қосылады.

Стратегиялық сессияның қорытындысы көрсеткендей, «Аграрлық несие корпорациясы» қызметінің басты басымдықтары – цифрлық технологияларды дамыту және стратегиялық жобаларды қаржыландыру. Несиелеу рәсімін жеңілдету, қаржыландыру бағдарламаларын кеңейту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу аграрлық секторға көрсетілетін қолдауды күшейтуге және оның тұрақты өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button