происшествие
1,2 млрд теңге және 13 автокөлік: Қаржылық пирамиданың ұйымдастырушылары ұсталды

«Asar Baspana» қаржылық пирамидасының ұйымдастырушылары ұсталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Бас прокуратураның үйлестіруімен ағымдағы жылдың 8-10 ақпаны аралығында еліміздің барлық өңірлерінде кең ауқымды операция жүргізді, нәтижесінде тұтыну кооперативінің атын жамылған «Asar Baspana» қаржы пирамидасының заңсыз қызметі тоқтатылды – деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
«Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар салымшыларға жылжымайтын мүлікті, көлік құралдарын, сондай-ақ тұрмыстық өнімдерді (биологиялық белсенді қоспалар, ас үй ыдыстары, косметика, тұрмыстық химия және басқа да тауарлар) сатып алу үшін қаражат салуды ұсынған, ал қарымына ай сайын салынған соманың 30% – на дейін пайда табуға уәде берген.
Компаниялардың кеңселерінде және күдіктілердің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту барысында 1,2 млрд теңгеден астам сомада қолма-қол ақша және ішінде премиум класты көліктер бар 13 автомашина тәркіленді» – деп мәлімдейді агенттікте.
Екі қаржылық пирамида ұйымдастырушы ұсталып, оларға қатысты сот екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі іс-шара санкциялады.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.