Фотосуреттер, снаряд сынықтары мен сарбаз медальондары: әскери музейдің көшпелі көрмесі жұмысын жалғастыруда

Іс-шараны ҚР Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттықорталығының (ҰӘПО) Әскери-тарихи музейі ұйымдастырып отыр
Оған музей қызметкерлері, қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының және ардагерлер ұйымдарының өкілдері атсалысуда, деп хабарлайды Қорғаныс министрлігінде.
ҰӘПО бастығының орынбасары – Әскери-тарихи музейдің бастығы майор Дәулет Қадыров атап өткендей, қаңтар айының басынан бастап мекеме қызметкерлері Қадыр Мырза Әли атындағы Binom School, Зерде, № 30, № 2, М. Шоқай атындағы № 51 мектеп-гимназияларында, № 105 және № 20 орта мектептерде болды.
Онда Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының, Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтың, Кеңес Одағының Батыры, бірінші Қорғаныс министрі Халық қаһарманы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың, Халық қаһармандары Тілеуғали Әбдібеков және Хиуаз Доспанованың жеке заттары, мұрағат құжаттары, фотосуреттері, ұрыс алаңдарынан табылған снарядтар сынықтары мен сарбаз медальондары қойылған.
– Басты мақсатымыз – оқушылардың тарихқа деген қызығушылығын ояту, Ұлы Отан соғысы майданында соғысқан қазақстандық жауынгерлер туралы әңгімелеу. Олардың ерліктеріне тағзым ету, – деді Дәулет Қадыров.
Жақын арада Әскери-тарихи музейдің ұжымы елорданың жоғары оқу орындарында да тарихи жәдігерлерді көрсетпек. Көшпелі көрменің жұмысы биылғы жылдың мамыр айына дейін жалғасады.