Қазақстан колледждері атом энергетикасы, дрон құрастыру бойынша мамандар даярлай бастайды

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ашылды
Салтанатты шараға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, сондай-ақ ірі компаниялардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, колледж студенттері, сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Фестиваль қонақтарын қарсы ала отырып, Оқу-ағарту министрі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
«Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат – олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда», – деді Ғани Бейсембаев.
Сонымен қатар Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау және дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Мұндай орталық Қытайда, Оңтүстік Кореяда және БАӘ-де табысты жұмыс істеуде. Ал осы күзде Ақтауда TurkicSkills – түркітілдес елдер арасында I-ші кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді.
Министрлікте атап өтілгендей, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі — Жұмысшы мамандықтарының жылын ресми түрде ашатын алғашқы іс-шара. Бұл болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығы үшін құрылған алаң. Фестивальдің бірегей форматы қонақтарға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға және интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік береді.