Денсаулық

Қазақстанда онкологиялық көмек қалай көрсетіледі?

Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК) кіреді. Осылайша, барлық онкологиялық пациенттер – Қазақстан азаматтары МӘМС мәртебесіне қарамастан онкологиялық ауруларды тегін емдеуге құқылы, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

«Онкологиялық пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, диагностикалау және емдеу мемлекет тарапынан төленеді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде пациентке ештеңе төлеудің қажеті жоқ.

Егер пациент онкологиялық және гематологиялық ауруға күдіктенсе, МСАК-та (емханаларда) пациенттерге 18 жұмыс күні ішінде консультация алуға және тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «жасыл дәліз» бағыты енгізілді» – делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қазақстан халқы үшін онкологиялық скринингтің 3 түрі бар:

1) сүт безі обырына скрининг (40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 2 жылда 1 рет)
2) жатыр мойны обырына скрининг (30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, 4 жылда 1 рет)
3) колоректалдық обырға скрининг (50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер, 2 жылда 1 рет).

Онкологтар қазақстандықтарды емханаларда үнемі тегін онкологиялық скринингтерден өтуге шақырады.

Егер онкологиялық ауруға күдік болса, дереу тұрғылықты жері бойынша өз емханасына, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша онкологиялық орталыққа (онкодиспансерге) жүгіну қажет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button