Басты

«Тіл – Тәуелсіздік тұғыры» мерекелік кеші өтті!

 

12 желтоқсан«Бәйтерек» бизнес орталығында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» КММ қолдауымен ұйымдастырылған «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» атты мерекелік кеші өтті.

Бұл шара қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, Тәуелсіздік ұғымының рухани және мәдени мәнін тереңірек түсіндіруді мақсат етті.

Мерекелік кештің шымылдығы ұлттық үлгідегі мәдени іс-шаралармен ашылып, қонақтар ерекше атмосфераны сезіне алды. Көрермендер қазақ халқының бай мұрасымен танысып, қыран бүркіт пен құмай тазы ұстаған батырлармен және садақшы қыздармен естелік суреттерге түсті. «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарымен орындаған қазақтың әсем әуендері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Кешті танымал тележүргізушілер Жансерік Бейсеев пен Ақжігіт Абзалбек жүргізді.

Іс-шара барысында «Тіл – тәуелсіздік тұғыры» тақырыбындағы бейнесюжет көрсетіліп, отаншылдық пен ұлттық құндылықтарға толы әндер орындалды. Әсем Омар, Қайрат Байкенов және Маржан Арапбаеваның әсерлі өнері көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Кештің маңызды бөлігі – еліміздің тіл саясаты мен мәдениетіне үлес қосқан азаматтарды марапаттау сәті болды. Оларға арнайы сертификаттар мен алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар, «Руханият» мекемесі туралы бейнеролик көрсетіліп, оның мәдени өмірдегі рөлі туралы баяндалды.

Бұл кеш Тәуелсіздіктің қасиетті құндылықтарын ұлықтап, қазақ тілінің мән-маңызын тағы бір мәрте айшықтаған маңызды шара ретінде есте қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button