ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Министр өз сөзінде су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі бүгінгі жағдайға тоқталды. Тексеру қорытындысы бойынша, 9 156 тұрғын үйде жөндеу жұмыстары өткізілді. 8 447 тұрғын үй қалпына келтіруге жатпайтын болып танылды. Қайталама нарықтан 5 767 үй мен пәтер сатып алынды. 2 680 жаңа үйдің құрылысы басталды. Жаңа тұрғын үй салу алаңдарын таңдау барысында оларды келешекте су басудан шектеу мақсатында жергілікті жердің рельефтері мен ландшафты ескерілген.
«Бүгінгі күнге 2 576 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Құрылыс жұмыстары мамыр айының соңында басталып, 4 ай ішінде аяқталғанын атап өткен жөн», – атап өтті Қанат Шарлапаев.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 823 тұрғын үй салынды. Орал қ. – 423, Қаратөбе ауданында – 90, Бөрліде – 60, Бәйтеректе – 6, Теректіде – 130, Сырымда – 114. Облыстың шалғай аудандарында орналасқан елді мекендерде құрылыс жұмыстары толықтай қыркүйек басында аяқталған. Өңірдегі қалған 66 үйдің құрылысын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысында 700 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Өңірде алғаш рет темір-бетон конструкциядан жедел тұрғызылатын 300 үй салынды. Бұл – заманауи жылдам құрылыс технологиясы мен ҚТЖ тарапынан логистикалық қолдауының айқын көрінісі.
Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы аяқталды. Ойыл ауданында – 172 , Ырғызда – 120, Қобдада – 147, Әйтеке биде – 26, Мұғалжарда – 14, Темірде – 21.
Қостанай облысында 153 үй салынды. Арқалық қ. – 50, Қостанай қ. – 14, Амангелді ауданында – 27, Жангелдинде – 41, Қостанайда – 21. Елді мекендердің бір-бірінен алыстығына қарамастан, зардап шеккен азаматтар бірінші қыркүйекке дейін тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
Ақмола облысында 292 тұрғын үй тұрғызылды. Атбасар қ. – 165, Бұланды ауданында – 76, Есілде – 21, Жарқайында – 30. Қалған 38 үйді жақын арада аяқтау жоспарлануда.
Атырау облысында зардап шеккен Құлсары қ. тұрғындарына 100 тұрғын үй салынды. Павлодар және Ұлытау облыстарында 8 тұрғын үй салынды.
Министр зардап шеккен азаматтарымызды тұрғын үймен қамтамасыз етуге ат салысқан – бизнес өкілдері, құрылыс компаниялары мен құрылысшылар, қайырымдылық қорлары, еріктілер мен еліміздің барлық жанашыр азаматтарының – белсенді жұмысын ерекше атап өтті.