Қоғам

Мүгедектікті белгілеу үшін тәуелсіз сарапшылар тартыла бастады

Қазақстанда медициналық ұйымдар медициналық-әлеуметтік сараптамаға (бұдан әрі – МӘС) жіберетін азаматтарды сырттай проактивті форматта куәландыруға тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша пилоттық жоба басталды. ҚР Әлеуметтік кодексінде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап тәуелсіз сарапшылар институтын толық көлемде енгізу көзделген, деп хабарлайды Еңбек министрлігінің баспасөз қызметі.

Биыл сәуір айында азаматтарды куәландыру процесіне тәуелсіз сарапшыларды енгізу тетігін сынақтан өткізу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктері бірлескен бұйрық қабылдады. Ол үміткерлердің тестілеуден өту және талап етілетін құжаттар топтамасын ұсыну тәртібін реттейді. Негізгі талаптардың бірі жоғары медициналық білім, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатының болуы, сондай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу мәселелері бойынша соңғы 5 жылда оқудан өткенін растайтын құжат болуы. Осылайша, тәуелсіз сарапшыларды іріктеу біліктілік деңгейі мен жұмыс өтілі ескеріле отырып, конкурстық негізде жүзеге асырылатын болады.

МӘС-ке тәуелсіз сарапшыларды тарту бойынша пилоттық жобаны іске қосу шеңберінде конкурсқа 50-ге жуық адам қатысты. Іріктеудің барлық кезеңдерінен 18 сарапшы дәрігер өтіп, жұмысқа кірісті.

Сараптама мынадай түрде жүргізіледі: медициналық құжаттар мемлекеттік органдар мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде сарапшыға автоматты түрде электрондық және иесіздендірілген түрде түседі.

Істерді бөлу эксаумақты тәртіппен жүзеге асырылады. Бұл Алматыда тұратын сарапшыға Алматыдан басқа еліміздің өзге өңірлерінен құжаттар келіп түсетінін білдіреді.

Тәуелсіз сарапшылар институтын енгізу азаматтардың сарапшылармен және тиісінше сыбайлас жемқорлық құрамдас бөліктерімен тікелей байланысын болдырмауға бағытталған.

Медициналық-әлеуметтік сараптама рәсімдерін жүргізгеннен кейін, мүгедектік тобы анықталған кезде, тиісті әлеуметтік төлемдер мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді одан әрі тағайындау өтініш берушінің қатысуынсыз проактивті түрде жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, МӘС өткізудің сырттай форматы бойынша пилоттық жоба 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның барлық аумағында сынақтан сәтті өтуде. Бүгінгі күні сырттай проактивті форматта куәландыру 30 нозологиялық нысан бойынша жүргізіледі. Жыл басынан бастап республиканың барлық өңірлерінде 60,4 мыңнан астам өтінім қаралды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button