Жол саласындағы отандық ғалымдардың әзірлемелерін коммерцияландырады – ҚазжолҒЗИ

Зерттеулердің басым бағыттарын және жол саласындағы негізгі сын-қатерлерді айқындау, сондай-ақ отандық ғалымдардың жаңашылдық әзірлемелерін көрсету және коммерцияландыру үшін платформа құру мақсатында Алматыда «Жол құрылысы: ғылым және бизнес (Ғылымнан өндіріске)» атты форум өткізілді.

Форум аясында отандық ғалымдар өздерінің коммерцияландыруға дайын технологиялары мен материалдарын әлеуетті инвесторлар мен салалық органдарға ұсыну, сондай-ақ әзірлемелерін одан әрі коммерцияландыру үшін байланыс орнату және инвестицияларды тарту мүмкіндігіне ие болды.

Форумды «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы» КЕАҚ қолдауымен ұйымдастырды. Форумның өзі «Мұхаметжан Тынышбаев атындағы ALT университеті» АҚ базасында өткізілді.

«Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында отандық ғалымдардың ғылыми әзірлемелерін коммерцияландыруға ерекше назар аударған болатын. Бұл үшін ғылыми қоғамдастық пен бизнестің өзара іс-қимылының тиімді механизмін құру қажеттігін атап өтті. Біз форум осы механизмді іске асыру және құру үшін жақсы алаң болады деп үміттенеміз» – ҚР көлік вице-министрі Аблалиев Сатжан.