Қазақстанның гір көтерушілеріне «Бәйтерек» холдингі қолдау көрсетіп, спортшыларымыз әлем чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
21-26 тамыз аралығында Қырғызстан Республикасы Чолпон-Ата қаласында гір көтеру спорты бойынша әлем чемпионаты өтті. Жарыс 21 елден 600-ден астам қатысушыны жинап, олардың ішінде қазақстандық спортшылар үздік нәтижелер көрсетті.
«Біз спортшыларымызды қолдағаны үшін «Бәйтерек» холдингіне шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Осы көмектің арқасында біз Қазақстанды халықаралық аренада лайықты түрде көрсете алдық, бұл бізді әрі қарай еліміздегі гір көтеру спорт түрін дамытып қана қоймай, жаңа жеңістерді бағындыруға шабыттандырады», – деп атап өтті команда жаттықтырушысы Марат Молдыбаев.
Айта кетейік, «Бәйтерек» холдингі Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданынан хабарласқан спортшылардың өтінішіне бей-жай қарамай, халықаралық жарысқа барып қатысуына қажетті жолы мен жатын орындарының шығындарына қолдау көрсеткен болатын.
Нәтиже сүйіншілі болып, Жақсылық Ислямов «ұзын цикл» жаттығуында 68 кг дейінгі (U18) салмақ дәрежесінде бірінші орынға ие болды. Мейрам Бекежан «итеру» жаттығуында 73 кг дейінгі (U23) санат бойынша күміс жүлдегер атанды. Қыздар арасында Махаббат Мусайбекова «итеру» жаттығуында 58 кг дейінгі (U16) салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды. Спорт ардагері Халит Сүлейменов (60-64 жас) Ресей мен Англиядан келген спортшылардан кейін құрметті үшінші орынға ие болды.
«Біз кез-келген спортшыны мақтан тұтамыз және ел намысы сынға түсетін байрақты бәсекелерде есеміз кетпегенін қалаймыз. Осы жолы шалғай ауданнан шығып халықаралық жарысқа қатысамыз деген азаматтарға ақ жол тілеп едік, осындай жоғары нәтижелерге қол жеткізгендерін естіп қуандық. Гір спорты олимпиадалық спорт түріне жатпаса да, спортшыларымыз жүлделі орындарға ие болды. Бұл, елімізде спорт тек ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар ауылда да дамып жатқанының белгісі. Бұндай бастамалар спортты барлық деңгейде қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», — деп атап өтті «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Рустам Карагойшин.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ алдағы уақытта да әлеуметтік мәселелерді шешуге және оң қоғамдық қабылдауды қалыптастыруға ықпал ететін бастамаларды қолдайтын болады.