Денсаулық

Жыл сайын республикада балалар жарақат алуының 200 мың жағдайы тіркеледі – ҚР ДСМ

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасында жазатайым жағдайлар мен жарақат алудың өсу үрдісіне орай балалар жарақатының алдын алу бойынша Жол картасын әзірлеуге бастама көтерді

Ресми статистика деректері бойынша жыл сайын республикада балалар жарақат алуының 200 мың жағдайы тіркеледі, соның 70 пайызы үйде болады. Өткен жылы жарақат алу мен жазатайым жағдай себебінен 1093 бала қайтыс болды, мың баланың денсаулығына қатты нұқсан келіп, мүгедек болып қалды, деп мәлімдейді Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Өлім-жітім бойынша сыртқы себептерден көлік қағып кету жағдайлары алда (22%), одан кейін аяқ астынан суға батып кету (13,4%), биіктен құлау – 5,4%, отпен ойнап қайғылы жағдайға душар болу (5%) деректері жиі кездесіп тұр.

«Денсаулық сақтау министрлігі өлім-жітім статистикасының өсіміне қатты алаңдаулы, 20 пайыз балаларды біз ауру салдарынан жоғалтып отырған жоқпыз, бұл сау баланы өлтірумен бірдей. Өлім-жітімның сыртқы себептерінің арасында анағұрлым маңыздысы –
жол-көлік оқиғалары мен суға батып кету және биіктен құлау болып отыр. ЖКО кезінде балалардың қаза табуының көбеюі бұл мәселені шешуде ведомствоаралық кешенді әдістің қажет екенін көрсетеді, – деп атап өтті ҚР Президенті жанындағы ОКҚ алаңында өткен «дөңгелек үстелде» ҚРДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау Департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова.

Жол-көлік оқиғалары кезінде балалардың қайтыс болуының негізгі факторларының ішінде жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережесінің бұзылуы, велосипедтер мен самокаттарға арналған шлемді қоса алғанда жеке қауіпсіздік құралдарының жоқтығы бар, соңғы жағдайда қауіпсіздік құралдарын қолдану қаладағы көлік қозғалысының қарқындылығы мен жоғары жылдамдық кезінде міндетті болып саналады.

М. Ембергенованың сөзіне қарағанда, балалардың суға батып кету себептерін айтқанда, балалардың жартысына жуығы суға түскенде жүзуге қажет қауіпсіздік құралдарын, яғни құтқару жилеттерін, белдіктерін және жеңдіктерін пайдаланбайды. Соған қоса адамдардың суға түсу қауіпсіздігі үшін жағдай жасау мақсатында қауіпті резервуарлар мен суға түсуге арналмаған орындарда суға түсу мүмкіндігін жойып, суға түсу бассейіндерінің айналасын қоршау, балалардың суға түсуге үйрету, сонымен қатар суға түсетін орындарда жан сақтау іс-шараларын шұғыл қолдану мүмкіндіктерін жасау қажет.

Балалардың биіктен, әсіресе терезеден құлауы Қазақстандағы балалар арасындағы өлім-жітім себептерінің ішінде үшінші орында. Соңғы 3 жылда терезеден құлау статистикасы артып, өткен жылы 492 жағдайға дейін өсті, содан болатын өлім-жітім де көбейді. Бұл қайғылы жағдайлардың негізгі себепкерлері – баланы қараусыз қалдыратын отбасындағы ересектердің жауапсыздығы мен қаперсіздігі. Кішкентай бала өсіп келе жатқан пәтерлерде міндетті түрде түрлі механикалық қорғаныс құралдарын орнату арқылы баланың терезеден құлауының алдын алуға болады.

ДДҰ мен ЮНИСЕФ-тің «Бала жарақаттануының алдын алу туралы» мақаласында балаларға қатысты қайғылы жағдайлардың 80%-ы ата-аналардың кінәсінен болатыны айтылған. Ересектер балаларын үйде, автокөлікте жалғыз қалдырады, көлікте бала тұншығады, көлік жүріп келе жатқанда қауіпсіздік белдіктерін тақпайды немесе балалар креслосын пайдаланбайды, су қоймалары мен басқа да қауіпті орындарда оларға дұрыс қарамайды.

«ЖКО кезінде және басқа да жағдайларда балалар өлімінің көбеюі бұл мәселені шешуде сектораралық, ведомствоаралық, кешенді тәсілдердің қажеттігін көрсетеді. Өзекті мәселені шешу үшін ҚР балалар жарақатының алдын алу бойынша 2025-2027 жылдарға
арналған Жол картасын әзірлеу үшін халықаралық ұйымдар өкілдерінің (ДДҰ, БҰҰ Балалар қоры(ЮНИСЕФ) қатысуымен Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды, деп мәлімдеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button