Биыл көмір таситын жылжымалы құрам 185 локомотивпен жаңартылды — Марат Қарабаев
Елімізде биылғы 1 мамырдан бастап 15 тамызға дейін теміржол көлігімен 17 млн тонна көмір тасымалданды, оның 1 млн тоннасы коммуналды-тұрмыстық секторға, 16 млн тонна энергетикалық кәсіпорындарға жеткізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды РrimeМinister.kz
Жыл сайынғы деректерге сәйкес республика ішіндегі көмір тасымалының жалпы қажеттілігі 70 млн тоннадан асады. Биылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша тасымалды орындау жалпы көлемнің 25%-ын құрады.
«Орташа ай сайынғы көмір тиеу көлемі 5,5 млн тонна. Бүгінгі күні энергетикалық кәсіпорындардағы көмір қорының көлемі 3,7 млн тоннаға тең. Коммуналды-тұрмыстық секторды қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөлінуде. Жылыту маусымының 3 айында нақты тасымалдау көрсеткіштері жоспардан 8%-дан артық орындалды», — деп атап өтті Марат Қарабаев.
Қазіргі уақытта тасымалдауға 20 мыңнан астам ашық вагон жұмылдырылған, оның ішінде 11 мыңы коммуналды-тұрмыстық көмірді тасымалдауға, 9 мыңы энергетика саласына арналған.
Сонымен қатар 3 мыңға дейін жеке операторлар вагондарын қолдануға мүмкіндік бар. Жеткілікті локомотив паркі дайындалған. Ұлттық оператор локомотивтерінің жалпы саны 1,8 мың бірлікті құрайды.
«Жылжымалы құрамның жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында тұрақты түрде жаңарту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде биыл 185 локомотив сатып алынды. Жалпы жұмылдырылған жылжымалы құрам қажетті көлемді тасымалдауға толығымен жеткілікті», — деп мәлімдеді министр.
Марат Қарабаевтың айтуынша, көмірді уақтылы тиеуді қамтамасыз ету үшін мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп тиісті шаралар қабылдануда. Тасымалдау жұмыстары артып кететін қараша-желтоқсан айларында жүктемені азайту мақсатында әкімдіктермен бірлесіп, жазғы уақытта көмір қорын көбейту жұмыстары жүргізіліп келеді.
Жылжамалы құрамды оңтайлы қолдану үшін маршруттау жүйесі енгізілген. Бұл өз кезегінде көмірді жеткізу жылдамдығын тәулігіне 700 шақырымға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Көмір жеткізу мәселелерін жедел шешу мақсатында тұрақты штаб жұмыс істеуде. Сонымен қатар көмірді жеткізу кезінде пойыздар қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін негізгі көмір тиеу стансаларына, атап айтқанда, Қызылжар, Дегелең, Үшқұлын, Нұра және Екібастұз стансаларына келетін жолдардың 102 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көмір тиеу негізгі бес көмір бассейнінен жүзеге асырылып, жүк жөнелтушілердің сұраныстары толық көлемде қамтамасыз етілуде», — деп түйіндеді баяндамасын Марат Қарабаев.