Tech Orda 2024: тегін IT-білім алуға өтінім қабылданып жатыр

Цифрлық даму министрлігі Tech Orda бағдарламасының жаңа легіне қатысу үшін жеке тұлғалардан өтінім қабылданып жатқанын хабарлайды. Бағдарлама Қазақстанның 18 бен 45 жас аралығындағы барлық азаматына ІТ-мамандықтарды тегін игеру мүмкіндігін ұсынады, деп хабарлайды ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметі.

Әлеуетті студенттердің өтінімдерін қабылдау 31 шілдеге дейін astanahub.com платформасында жүргізіледі.

Astana Hub базасында ҚР ЦДИАӨМ бастамасы аясында іске асырылып жатқан Tech Orda бағдарламасы ақпараттық технологиялар саласындағы адами капиталдың дамуына бағытталған. Ол веб-бағдарлама әзірлеу, 3D-дизайн мен 3D AR/VR қосымшалар, бағдарламалық қамтамасыз ету, киберқауіпсіздік пен IoT, жасанды интеллект пен алгоритмдері, мобильді қосымшалар жасауды қоса алғанда, Big Data және GameDev салалары секілді басым секторлардың барлық спектрін қамтиды.

«Tech Orda іске қосылғаннан бері жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Бағдарламаның 2022 және 2023 жылдардағы нәтижелеріне қарап, оның білікті кадрларды даярлау және елімізде IT бойынша білім беруді дамытуға қосып жатқан сүбелі үлесін байқауға болады. Бүгінде 91 мектеп 6251 студентті оқытты. Бағдарламаға тек үлкен шаһар тұрғындары ғана емес, өңірлерде тұратын адамдар да белсенді қатысуда – IT-мектептердің шамамен 40%-ы және студенттердің 46%-ы әртүрлі аймақтардан. Бағдарлама жетістігін жұмысқа орналасудың жоғары көрсеткіштері де растап отыр: түлектердің 88%-ы жұмысқа орналасып, олардың орташа жалақысы шамамен 600 мың теңгені құрады», – деді Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі.

Түлектер Kaspi.kz, Halyk Bank, KPMG, Ernst&Young, Теңізшевройл, ҚазМұнайГаз, Freedom Finance, Kcell, Air Astana, Kolesa Group сияқты ірі компанияларды қоса алғанда, 1079 ұйымнан жұмыс тапты.

«Биыл бағдарламаға қатысуға ниет білдірген 131 жеке IT-мектептің 79-ы аккредиттеуден өтіп, 178 түрлі курс ұсынды. Оқыту мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілсе, ұзақтығы таңдалған курсқа байланысты 6 айдан басталады. Форматы – икемді, яғни онлайн, офлайн және аралас. Бұл студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып,  мамандықты игерудің неғұрлым ыңғайлы тәсілін таңдауға мүмкіндік береді», – деді Әзиз Тілеумұратов, Astana Hub басқарушы директоры.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кемінде 100 мың IT-маман даярлауды тапсыра отырып, жас, білімді әрі ынталы кадрларды қалыптастыру қажетін атап өтті. Тапсырмаға сәйкес ҚР ЦДИАӨМ Astana Hub халықаралық технопаркімен бірлесіп, 2021 жылы 20 мың IT-кадр даярлауды көздейтін Tech Orda бағдарламасын іске қосты. Айшықты бастама шеңберінде мемлекет қолдауымен әр студентке 600 мың теңге бөле отырып, жыл сайын 3 мыңнан астам IT-маман оқыту жоспарланды.

Tech Orda бағдарламасына қосылуды ниет еткендер үшін astanahub.com порталында мектептер мен курстардың толық тізімі жазылған ІТ-мектептер көрмесі бар. Қосымша ақпаратты таңдалған ІТ-мектепке немесе 1818 телефон нөміріне хабарласып білуге болады.