БастыМәдениет

«Ұлылар мекені …» ғылыми-танымдық экспедициясы жұмысын аяқтады

Астанадан Абай облысына аттанған ғылыми-танымдық экспедиция жұмысын аяқтады

19-21 маусым аралығында Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мұрындық болуымен «Ұлылар мекені…» атты ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды. Делегация Астана – Павлодар облысы (Баянауыл) – Абай облысы (Семей, Жидебай, Семей) – Астана бағытында рухани объектілерді аралады.

30-ға жуық адамнан тұратын делегация құрамында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен журналистер болды.

«Ұлылар мекені …» ғылыми-танымдық экспедицияның мақсаты – өлкетану жұмыстарын жандандыруға атсалысу. Топ мүшелері атап өткендей, экспедиция ұлы даланың рухани қазыналарын насихаттау арқылы халықты біріктіруге септігін тигізеді.

Экспедиция мүшелері алғышқы күні ағартушы, көрнекті ақын, ойшыл, рухани қайраткер Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне жол тартып, рухына тағзым етті.

Кейін делегация Абай облысына табан тіреп, Абай-Шәкәрім мемориалдық кешені мен Абайдың Жидебайдағы мұражай-үйін аралады. Сондай-ақ сапар барысында ғылыми топ Еңлік-Кебек ескерткішінде аялдап, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі мұражай-үйімен де танысып үлгерді.

3 күнге созылған ғылыми-танымдық экспедицияның қорытынды күні Семей қаласында өтті. Делегация мүшелері тарихы тереңге бойлаған шаһардың мәдени орталықтарын аралап, Абай Құнанбайұлы мен Әлихан Бөкейханның ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, ғылыми топ жергілікті мәдениет қайраткерлері, ақын, жазушылар және ғалымдармен жүздесіп, ғылыми-танымдық экспедиция жұмысын жайында сөз қозғады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button