Ақмолада әскери қызметшілердің төбелескені рас па

Оқиға Ақмола гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде болған.

Осыдан бірер күн бұрын желіде Қорғаныс министрлігі құрлық әскерлерінің 32039 бөлігінің офицерлері тұрғындармен төбелесті деген видео тарады.

Бейнежазбадан беймәлім адамдардың былапыт сөздер айтып жатқанын және қатысушылардың бірінің басы қанағанын байқауға болады.

Одан бөлек, бір адам видеоға түсіріп тұр.

«Құрлық әскерлері офицерлерінің тұрғындармен және полиция қызметкерлерімен төбелесі туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Бейнежазбадағы адамдар әскери қызметкер емес және қарулы күштерге қатысы жоқ. Мән-жайды анықтау барысында Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінің әскери қызметшісінің ағасы және досы мен тұрғындар арасында жанжал болғаны анықталды» делінген түсініктемеде.

Осы орайда аталған ведомство жалған ақпарат таратпауды және тек ресми дерекке сенуді сұрап отыр.