Мемлекет басшысы Сингапур Республикасының Президенті Тарман Шанмугаратнаммен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Бүгінде Қазақстанда 140-тан астам сингапурлық компания мен бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл ретте Сингапурдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 1,7 миллиард доллардан асты. Пандемия салдарынан туындаған экономикалық қиындықтарға қарамастан, екіжақты сауда көлемі көп ұзамай 2 миллиард доллардан асады.
Қазақстан Президентінің айтуынша, еліміз сенімді саяси диалогқа, қарқынды дамып келе жатқан сауда және инвестициялық байланыстарға бағытталған екіжақты ынтымақтастықтың мүлде жаңа кезеңіне жол ашуға ниетті.
Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын егжей-тегжейлі талқылады.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Сингапурмен энергетика, аса маңызды шикізатты өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, қаржы технологиясы, агротехнология, логистика және байланыс секілді негізгі салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін мәлімдеді.
Президенттер өзара тиімді инвестициялық жобаларды ілгерілету, соның ішінде екіжақты қатынастардың құқықтық базасын нығайту арқылы күш-жігер біріктіруге уағдаласты.