75 мыңнан астам азамат өзін құмар ойындарға қатысуға шектеді

Елімізде 75 мыңнан астам адам ерікті түрде құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өзін шектеді. Мұндай дерек Ашық НҚА порталына талқылауға шығарылған Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл бойынша 2024-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарда келтірілген.

«Туризм және спорт министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірлесіп Қазақстан Республикасы азаматтары мен резиденттерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысудан өз бетінше шектеу жөніндегі қызметті автоматтандыру бойынша жұмысты аяқтады. 2024 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерін құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеу туралы өтініш бере алады», – делінген құжатта.

Бұл рәсім «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабында көзделген және автоматтандыруға дейін тиісті тұлғаларды өзін-өзі шектегендер тізіміне қосу 8 жұмыс күні ішінде қағаз форматта жүзеге асырылды. Жаңа қызмет өтініштерді өңдеу мерзімін едәуір қысқартады және құмар ойындарға қатысудан өзін-өзі шектеу рәсімін жеңілдетеді. Бұл барлық азаматтарға, ең алдымен құмар ойындармен шектен тыс әуестенетін тұлғаларға барлық лицензияланған ойын мекемелері мен букмекерлік кеңселердің заңды сайттарына кіруге лезде тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні 75 мыңнан астам азамат осы қызметпен пайдаланды.