происшествие

Өскеменде көрсеткішін жақсарту үшін жалған хаттамалар толтырған полицей сотталды

Өскемен қаласында қызметтік көрсеткішін жақсарту үшін бірнеше жалған хаттама толтырған полицей сотталды.

Полиция басқармасында патрульдік полиция батальонының инспекторы болып қызмет еткен айыпталушының ісі қалалық №2 сотта қаралды.

Соттың баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, тәртіп сақшысы өзінің қызметтік көрсеткіштерін жақсартпақ болған. Ол үшін Өскемен қаласының бір тұрғынының атына әкімшілік құқық бұзушылық туралы жалған төрт хаттама толтырды.

Сот полиция қызметкерін Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 416-бабы 2-бөлігімен (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адам жасаған бұрмалау) кінәлі деп таныды.

«Айыпталушыға үш жыл мерзімге мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айыра отырып, 2 жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – делінген ақпаратта.

Басқа жаңалықтар

Back to top button