БастыЭкономика

Қазақстан мен Орталық Азияның тауар айналымы 7,7 млрд долларға жетті

Қазақстан мен Орталық Азия арасындағы тауар айналымы 7,7 млрд долларға жетті. Бұл туралы 13-ші Орталық Азия сауда форумы барысында ҚР сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев айтты.

«2023 жылы Қазақстан мен Орталық Азияның тауар айналымы 7,7 млрд долларға жетті. Алдағы 5-10 жылда сауданы екі есеге арттыруды көздеп отырмыз. Атап айтар болсам, Өзбекстанмен 10 млрд долларға, Қырғызстанмен 3 млрд долларға, Тәжікстанмен 2 млрд долларға көбейтеміз. Бұл үшін осындай форумдар қажет», – дейді ол.

Қайрат Төребаев күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселені атап өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, Орталық Азия елдері теңізге шыға алмайтындықтан, аймақішілік сауда үлкен рөл атқарады. Сауда – кез келген елдің экономикалық дамуының негізгі факторларының бірі. Мұнда қатысушылар қағазсыз сауданы, жұмсақ және дәстүрлі инфрақұрылымды, электронды коммерцияны талқылайды, сонымен қатар елдер бойынша белгілі бір тақырыптық сессиялар бар», – деді Қайрат Төребаев.

Негізгі назар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды және транзит-көліктік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге аударылды.

Орталық Азия елдері соңғы екі онжылдықта айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді және өте жақсы өсу әлеуетіне ие. Өткен 20 жыл ішінде өңірдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) жыл сайынғы орташа есеппен нақты мәнде 6,2 пайызға кеңейіп, 347 млрд АҚШ долларына жетті. 2000 жылдан бастап сыртқы сауда 7 есе өсті.

2022 жылы Орталық Азия елдерінің біріккен импорты мен экспорты шамамен 190 млрд АҚШ доллар болды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button