Министрлік Каспийді тасқын суымен толтырып жатыр: теңізге 1 млрд текше метрге жуық су жіберілді

Су ресурстары және ирригация министрлігі Каспий теңізіне 1 млрд текше метрге жуық су жіберді. Тасқын суы 4 арна: Бақсай, Нарын, Черная речка және Соколок арқылы өтті, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Жалпы, бұл арналар тәулігіне 12 миллион текше метрге дейін су өткізе алады. Олардың әрқайсысында Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» мекемесінің мамандары тазарту, нығайту және басқа да жұмыстар жүргізді. Мысалы, Соколок каналының бойында ұзындығы 14,5 шақырым қосымша арна қазылды, ол арқылы тасқын суы Каспийге жіберіледі.

«Сондай-ақ біз Жайық өзені арқылы суды лимандарға бағыттаймыз. Ал, Ойыл өзенінен су лимандардан бөлек, жерасты суларының орындарын толтыру үшін де жіберіледі. Осыған дейін біз Балқаш көліне су жіберіп, оның деңгейін 15 см-ге көтердік, БҚО Қамыс-Самар көлдеріне, Ұлытаудан Қызылорда облысының көлдеріне су жібердік, Ақмола облысының көлдерін толтырдық. Біздің алдымыздағы бірінші кезектегі міндеттердің бірі – көлдерді тасқын сумен толтыру», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.