№81/82 «Астана-Қостанай» бағытында жүретін тальго пойызы Ақтөбе станциясына дейін барады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ халық тарапынан келіп түсетін сұраныстың артуына байланысты және техникалық мүмкіндіктерді ескере отырып, биылғы 10 маусымынан бастап №81/82 «Астана-Қостанай» бағытында жүретін Тальго жедел пойызының маршрутын Ақтөбе станциясына дейін кеңейту туралы шешім қабылдады.

Жалпы №81/82 пойызы Астана, Атбасар, Есіл, Құсмұрын, Тобыл, Қостанай, Хромтау, Әйтеке би, Никельтау, Ақтөбе сияқты негізгі станцияларды басып өтеді.

Пойыз күнделікті Астанадан жұп күндер бойынша, Ақтөбеден тақ күндер бойынша жөнелтілетін болады.

Айта кетерлігі, кеңейтілген маршрутқа билеттер сатуға шығарылды. Жолаушылар билеттерді https://bilet.railways.kz/ сайтында немесе теміржол вокзалдарында орналасқан «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларында сатып ала алады.

Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша анықтамалық ақпаратты «1433» тегін нөмірі бойынша алуға болады.