Волонтерлер Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай облыстарындағы суға кеткен аймақтарда адамдарды эвакуациялап, аумақтарды жинасуға көмек қолын созып, ыстық тамақ пен ауыз су таратуға және басқа да түрлі іс-шараларға белсенді атсалысып жатыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Халыққа көмек көрсетуге барлығы 500-ден астам ерікті, волонтерлық ұйымдар мен топтар жұмылдырылды.
Мәселен, Қостанай облысының Арқалық қаласында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері еріктілермен бірлесіп, ауданның 45 үйінде еріген суды сору жұмыстарын жүргізді, 880 тоннадан астам қож және 120 тонна топырақ пайдаланылып, 300-ден астам инертті материал төселді.
Оқу орындарының студенттерінен жасақталған волонтерлік топтар суға кетуі мүмкін, қауіпті үйлердің аумағын қардан тазартпақ. Бұл іске облыс бойынша барлығы 200-ге жуық ерікті тартылды.
Солтүстік Қазақстан облысында волонтерлердің аймақтық фронт офисі, «Көмек жаныңда» волонтерлік қозғалысы және ТЖД-мен бірлесіп, су басу қаупі бар жерлерге рейдтер жүргізіп, тұрғындарға нұсқау беріп, жадынамалар таратып жатыр.
Қала мен аудандардағы су басуы мүмкін, қауіпті учаскелерде орналасқан тұрғын үйлер ерекше бақылауға алынды.
Барлық өңірлерде арнайы волонтерлық топтар ұйымдастырылған, қажет болған жағдайда олар құтқару қызметтеріне көмектесетін болады.