Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен осы күні жастар елорда сауда орталығының бірінде қала тұрғындарын және қонақтарын Көрісу күнімен құттықтап, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Айта кетсек, елімізде Наурыз мейрамы 10 күн тойланатын болды.
Президент тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасы жасалған болатын. Үкімет бекіткен құжатқа сәйкес қазақстандықтар биыл 14 наурыз – Амал күнінен бастап, 23 наурыз – Жоралғы күніне дейін атап өтеді.
«Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырыс-ынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның және әрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз.
Осы орайда, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.
Осы орайда, 10 күндік «Наурызнаманың» алғашқы легі Амал күнінен бастау алды.
Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бастамасымен Әз-Наурыздың алғашқы хабаршысы – Көрісу күні елорда жастар ұлттық киім киіп, үлкендердің батасын алып, ізгі тілектерін тыңдады.
Сұхбаттасқан қала тұрғындарының көбі Амал мерекесінің құндылығы мен маңызын, сондай-ақ аталмыш күнді бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдіс екенін баса атап өтті.
Әр әулеттің Көрісу күнін атап өтуде өзіндік дәстүр бар. Алайда түпкі мағынасы – аязды қыстан кейін аман-есен қауышқан жақын жандармен кездесіп, ізгі тілек тілеу салты сақталған.
Осылайша елорда жастары қала тұрғындарына әз-Наурыз тойының бастау алғаны туралы жар салды.