Мәдениет

Театр қойылымдарын шағын қала тұрғындары да тамашалай алады

Павлодар облысы Екібастұз қаласының тұрғындары театр қойылымдарын тамашалай алады. «Өнер» қалалық мәдениет сарайы көрермендерге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы»  драмалық қойылымын ұсынады. Қоюшы-режиссер — Жүсіпбек Аймауытов атындағы Қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдейді.

Қойылымның ерекшелігі — рөлдерді кәсіби актерлер емес, қала тұрғындары сомдайды. Олардың қатарында математика пәнінің мұғалімі Балнұр Сапарғалиева, жастар театр үйірмесінің жетекшісі Нұрмағанбет Захан, ауылдық клубтың қызметкері Болатбек Шаланов, вокалдық ансамбль жетекшісі Гүлбаршын Сәбитова, ҚМС әртісі Бауырбек Бектеміров, ҚМС шығармашылық бөлімінің меңгерушісі Гүлжахан Міртемірова және басқалар бар.

Актерлік шеберлікті арттыру мақсатында Екібастұз мәдениет бөлімі, «Өнер» мәдениет сарайы мен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық музыкалық-драма театры арасында меморандум жасалды.

«Мұндай бастамалар мен жобалар театр өнерін жергілікті тұрғындарға қолжетімді етеді және қоғамның мәдени құндылықтарын нығайтуға ықпал етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», – деді  Екібастұз Мәдениет бөлімінің басшысы Медғат Манапов.

Шығармашылық ұжымның репертуарында бес қойылым бар. Алдағы уақытта әртістер ауылдарға барып, өнер көрсетуді жоспарлап отыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button