Пленарлық отырыстың жұмысын еліміздің көлік саласына жауапты министрі Марат Қарабаев пен Әзербайжан Республикасының Энергетика министрі Парвиз Шахбазов ашып берді.
Көлік министрлігі басшысының айтуынша, отырысқа дайындық шеңберінде Қазақстан мен Әзербайжанның мүдделі мемлекеттік органдары мен ұйымдарының қатысуымен сараптамалық деңгейде 5 кездесу өткізілген.
«Бүгінгі кездесуіміздің мазмұнды өтуі үшін сапалы дайындық жұмыстарын жүргізе алдық. Бұл бауырлас халықтар арасындағы достық және сенімнің бірден бір дәлелі іспеттес. Осы ретте Мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан мен Әзербайжан Республикасы арасындағы 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарлама екіжақты қатынастардың дамуына ерекше үлес қосатынына сенім мол», – деді Марат Қарабаев.
Жиын барысында көлік саласында қол жеткізілген жақсы көрсеткіштер әңгіме арқауына айналды. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында жүк тасымалдау көлемі 1,5 есеге ұлғайып, 4,3 млн тоннаны құрады.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты туралы айтар болсақ, 2023 жылы тасымалдау көлемі 65%-ға ұлғайып, 2,8 млн тонна жүкті құраған. Биыл аталған халықаралық көлік бағыты бойынша тасымалдау көлемін тағы 43 пайызға ұлғайту көзделіп отыр.
Министр атап өткендей, алдағы уақытта «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен Әзербайжан инвестициялық холдингі арасында құрылып жатқан Қазақстан-Әзербайжан инвестициялық қоры қаржыландыруы мүмкін маңызды инфрақұрылымдық жобалар жоспарланып отыр. Аталған инвестициялық қордың басты міндеттерінің бірі – порт инфрақұрылымын дамыту болмақ.
Жалпы комиссия отырысы хаттамасының жобасына сауда, көлік, энергетика, цифрландыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы мәселелер енгізіліп, қарастырылды. Айта кетерлігі, аталған отырыс ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжан Республикасына ресми сапары қарсаңында өтіп жатыр.
Бұл күні сондай-ақ үкіметаралық комиссияның тең төрағаларының екіжақты кездесуі өтті. Отырысты қорытындылай келе, ведомство басшысы әзербайжандық әріптестеріне танытқан белсенділіктері үшін алғыс білдірді.