Орта Азиядағы ең ірі робототехника чемпионаты Астанада өтуде

Бүгін Астанада робототехникадан Орталық Азиядағы ең ауқымды дода Central Asia FIRST Championship чемпионатының ашылуы өтті. Үш күн бойы бес елден келген 3 мыңнан астам мектеп оқушылары өзара бәсекеге түсетін болады, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Байқауға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Орта білім беру комитетінің төрағасы министрліктің STEM білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті.

«Мұндай байқаулар жас зерттеушілерге өз әлеуетін ашуға және техника, технология, физика, математика салаларында өздерін дәлелдеуге көмектеседі. Бұл алаң тәжірибе алмасу, шабыт алу және оқушылардың ғылыми қызығушылықтарын дамыту үшін тамаша мүмкіндік. Осы идея елімізде робототехниканың дамуына үлес қосып, қатысушылар тамаша нәтижелерге қол жеткізсін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!», – деді Қаныбек Жұмашев.

Конкурс әлемдік FIRST бағдарламасы аясында үш жас категориясы бойынша өтеді: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Сонымен қатар чемпионатта инновациялық жобалар байқауы мен қазылар сессиясы да болады.

Айта кету керек, FIRST чемпионаттары жыл сайын түрлі тақырыптар бойынша өткізіледі. Биылғы маусым өнер тақырыбына арналды. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар, АҚШ, Австралия, Сингапурдағы халықаралық олимпиадаларға қатысуға лицензиялар, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына гранттар, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Чемпионатты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «USTEM Foundation» және Астана қаласының Білім басқармасы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен бірлесіп өткізуде.