Әлем

Үндістанда Kazakh Tourism-нің шетелдік тұңғыш өкілдігі ашылды

Үндістан астанасында Оңтүстік Азияның ең ірі халықаралық туристік көрмесі – SATTE ашылу салтанаты өтті. Ресми іс-шараға Үндістан туризмінің басшысы, Индонезияның Туризм және креативті экономика министрі, PATA Азия-Тынық мұхиты туризм қауымдастығының басшысы, Мәскеу, Беларусь туристік департаменттерінің басшылары және «Kazakh Tourism ҰК» АҚ Төрағасы Қайрат Сәдуақасов қатысты, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

Көрме аясында Kazakh Tourism компаниясының Үндістан нарығы бойынша өкілі тағайындалды. Қайрат Сәдуақасов тиісті сертификатты Salvia Promoters компаниясының басшысы Прашант Чодриге табыстады. Компания Орталық Азия мен Ресей нарықтарын ілгерілетуге маманданған. Әр жылдары Salvia визалық орталық және ілгерілету кеңсесі ретінде аймақтың бірқатар қаласы мен елдерін таныстырып келеді.

«Бұл – Қазақстан туризмін халықаралық деңгейде ілгерілетудің жаңа қадамы. Біз әлемдегі ең перспективалы туристік нарықтардың бірі саналатын Үндістанда өз өкіліміз болатынына қуаныштымыз. Алдағы уақытта бұл тәжірибені басқа да нарықта кеңейтуге ниеттіміз», – деді Қайрат Сәдуақасов.

«Үндістан туристеріне Қазақстан туризмін таныстыру мен үшін үлкен мәртебе. Менің көп жылдық тәжірибем екі ел арасындағы туризмнің дамуына оң әсер етеді деп үміттенемін», – деді Прашант Чодри.

Екі тарап Қазақстанға Үндістаннан туристік топтарды тарту, сонымен қатар көшпелі туризм нарығында Kazakh Tourism мүддесін таныстыру мақсатында серіктестікті дамыту туралы келісімге келді.

Тараптардың алғашқы бірлескен жұмысы – SATTE көрмесіне қатысу және биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында үндістандық тревел журналистердің Қазақстанға келуін ұйымдастыру.

Мамандардың болжамы бойынша, Үндістанның көшпелі туризм нарығы 2026 жылға қарай 50 миллионнан астам туристке жетеді. Бұл ретте, Прашант Чодри 2026 жылға қарай Қазақстан жыл сайын 500 мыңға дейін үнді туристерін қабылдай алатынын жеткізді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button