2024 жылы «Zhas project» жобасын жүзеге асыру ережелері туралы ҚР МАМ Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров тоқталып өтті.
Биыл конкурс шеңберінде 10 үкіметтік емес ұйым 1 млн теңгеден 280 шағын грант бөледі, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
«Zhas project» грант бағдарламасын ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі 2022 жылдан бастап, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырып келеді. Еліміздің үш қаласы мен 17 облысын қамтитын жоба NEET (уақытша жұмысқа орналастырылмаған) санатындағы жастарды жұмысқа тұрғызу және олардың кәсіпкерлік қабілетін дамытуға бағытталған.Байқау бірнеше кезеңнен тұрады.
Байқауға қатысатын үміткерлерге 19 ақпан мен 24 наурыз аралығында жоба шарттары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. 25 наурызда конкурс басталады, өтініштерді қабылдау 24 сәуірге дейін (соңғы күн есептеледі) жалғасады. 25 сәуір мен 14 мамыр аралығында өтініштер іріктеліп, 15 мамырдан бастап қорытынды шығарылып, жарияланатын болады.
Байқауға 18 жастан 34 жасқа дейінгі (қоса есептегенде) Қазақстан азаматтары қатыса алады. Қатысушының облыс аумағында тұрақты немесе уақытша тіркеуі болуы қажет және ресми түрде уақытша жұмыссыз санатында болуы тиіс (NEET санатындағы жастар).
Айта кетейік, қатысушы тек 1 әлеуметтік жоба ұсына алады. Сонымен қатар 2023 жылы «ZHAS PROJECT» жобасы бойынша шағын грант ұтқан жастар қатыса алмайды. «Zhas project» жобасына қатысуға жергілікті өңірдегі қауымның әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жобалар жіберіледі. Қатысушылардың әрқайсы 4 айдан аспайтын мерзімде жобаларын іске асыруы тиіс.
Жобалар әлеуметтік маңыздылық, нәтижеге қол жеткізу, бюджеттің оңды жұмсалуы сияқты критерий бойынша бес балдық ұпаймен бағаланады.
Байқау комиссиясының құрамына жастар саясаты, ішкі саясат, қоғамдық даму мәселелері жөніндегі басқармалардың, жастар ресурстық орталықтарының және тиісті өңірдің жергілікті үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері кіреді.
Жобаның ережелері мен шарттары ұйымдастырушылардың сайттарында жарияланған, конкурс туралы ережемен сол жерде толығырақ танысуға болады.