Қоғам
Жемқорлардан тәркіленген қаржыға тағы 20 жаңа мектеп салынады
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен 15 мыңға жуық оқушыға арналған 20 жаңа мектеп салынады. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жемқорлардан тәркіленген қаражатқа салынатын білім беру нысандарының тізімі ведомствоның сайтында жарияланған. Оған мыналар кіреді:
- апатты мектептерді ауыстыратын 2740 оқушыға арналған 5 мектеп құрылысы (екі ауысымда);
- үш ауысымда оқытуды жою үшін 1200 орындық 1 мектептің құрылысы (екі ауысымда);
- оқушы орынының тапшылығын жою үшін 8976 оқушыға арналған 11 мектептің құрылысы (екі ауысымда);
- тозығы жеткен мектепті ауыстыратын 200 орындық 1 мектептің құрылысы (екі ауысымда);
- екі мектепке қосымша корпустар салу (мәжіліс және спорт залдары, асханалар).
Шымкент қаласында, Жетісу және Қызылорда облыстарында үш мектептен, Жамбыл облысында төрт мектеп, Астана қаласы мен Алматы облысында екі мектептен, БҚО, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында бір мектептен салынады.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорынан 96 млрд теңгеге 76 738 оқушы орынына арналған 62 жоба қаржыландырылған болатын.