Берлинде 10 мың фермер ереуілге шықты

Үкіметтің берген жеңілдіктеріне қарамастан, неміс фермерлері өз талаптарын билікке орындатуға ниетті.

Дүйсенбі күні Берлин қаласының орталығында өткен наразылық акциясына шамамен 10 000 адам қатысты.

Берлин орталығына шыққан мыңдаған неміс фермерлері Германия үкіметінің дизельдік субсидияларды азайту және салық жеңілдіктерін алып тастау жоспарларына наразылық білдіруде. Үкімет өз кезегінде 2026 жылы толық жойылғанға дейін келесі екі жыл ішінде субсидияларды кезең-кезеңімен қысқартуға уәде беріп, келісімге келуге тырысқанымен, Неміс шаруалар одағының өкілдері бұл жеткіліксіз екенін алға тартты.

Орталықта жиналғандар «саяси бағытты қайта бағдарлауды» талап етуде. Олай болмаған жағдайда, фермерлер үкіметтің өзгеруін талап етуге дайын.

Айта кетсек, Германиядағы фермерлердің наразылықтары бір апта бойы жалғасуда. Дүйсенбі күні демонстранттарға Қаржы министрі Кристиан Линднер шығып, Үкіметтің субсидиялауға қаражаты жоқ екенін мәлімдеген еді.