Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктері үшін 32 мыңнан астам нысан бейімделді
Қазақстанда 700 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады, бұл ел халқының 3,73 %-ы. Бүгінде «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» порталында (https://inva.gov.kz/) олардың ыңғайлылығы үшін қала, аудан және елді мекендердегі барлық бейімделген нысандардың қолжетімділігі туралы ақпарат жарияланады.
Бүгінгі таңда жүйеде республика бойынша 32 мыңнан астам бейімделген нысандар көрсетілген. Атап айтқанда, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға – 32 491 нысан, көру қабілеті бұзылған адамдарға – 32 477, есту қабілеті бұзылған адамдарға – 21 168, арбамен қозғалатын адамдарға – 32 547 нысан қолжетімді.
Бейімделген объектілердің ең көп саны Алматыда – 3217, сондай-ақ Түркістан (3137), Атырау (3011) және Шығыс Қазақстан (2580) облыстарында.
Порталға yandex картасы біріктіріліп, сол арқылы бейімделген нысандар жайлы ақпаратты табуға және қарауға болады. Сондай-ақ, «пікірлер» функционалы іске қосылды. Онда азаматтар объектілердің қолжетімділігі бойынша өз пікірін қалдыра алады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар «Мүгедек адамдарды әлеуметтік қорғау» порталы (https://inva.gov.kz/) арқылы алдын ала үйден бейімделген нысандарды көре алады және таба алады.