БастыСаясат

Еліміздегі 45 өткізу бекетінде қайта жаңарту жұмыстары басталды

Жалпы мемлекеттік шекарада 52 өткізу пункті жұмыс істейді, оларды қайта жаңарту жұмыстары көрші елдермен бірлескен жол картасының шеңберінде жүргізіліп отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Рrimeminister.kz

Автокөлік тасымалы – ел экономикасының тұрақты дамуына өзіндік септігін тигізетін басты салалардың бірі. Елімізде, алыс шетелдерге жүк тасымалдайтын 370 отандық компания тіркелген. Олардың иелігінде 7,6 мың автокөлік бар.

Үкіметаралық келісімдер шеңберінде 42 елмен тасымалдар жүзеге асырылады, олардың негізінде жыл сайын 170 мыңға жуық рұқсат беру бланкілері алмастырылады.

Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жүк тасымалы 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22% -ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі 42%-ды құрап отыр. Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалуда. Өткен жылмен салыстырғанда ондағы өсім 44 % деңгейінде. Негізгі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі және ол соңғы жылдары 2 есеге өсіп отыр.

«Сараптамалық мәліметтерге сәйкес Қытайдан Еуропаға жыл сайын теңіз жолымен 1,6 млрд тоннаға дейін жүк тасымалданады. Өз кезегінде, еліміз арқылы автокөлікпен тасымалданатын транзиттік жүк көлемі 1%-дан аспайды. Әлемдік тәжірибеде тез бүлінетін, медициналық, қымбат және қысқа мерзімде жеткізуді талап ететін тауарлар негізінен автокөлікпен тасымалданады. Сондықтан, Қытайдан Еуропаға тасымалданатын жүктердің ел аумағы арқылы транзитпен өту көлемін ұлғайтудың үлкен әлеуеті бар. Алдағы уақытта жыл сайынғы тасымал көлемде өсім сақталады деп күтілуде», — деп мәлімдеді спикер.

Оның айтуынша, 2029 жылға қарай транзиттік тасымалдар көлемі 5 есеге артып, 1 млн тоннаны құрайды деген болжам бар. Бұған, биылғы жылы енгізілген визасыз режим және Қытай мен Қазақстан аумағы арқылы өтетін еркін транзитке мүмкіндік беретін жаңа Келісім ықпал етеді. Сонымен қатар Қытай тарапы Тир Карнет (TIR Carnet) еуропалық жеңілдетілген шекарадан өту жүйесінің мүшесі болып қабылданды. Ол кедендік тексерусіз транзиттік жол жүруге мүмкіндік береді.

Өз кезегінде, Қытай транзитінің болжанып отырған 3 есеге артуы (0,01%-дан 0,03% – ға дейін) жыл сайын Қазақстан экономикасына 263 млрд теңгеге жуық қаражат түсуін қамтамасыз ете алады.

Теңіз арқылы жеткізілетін жүктердің бір бөлігін автокөлікке аудару және оны тасуда отандық операторлардың үлесін арттыру мақсатында келесідей шаралар жоспарланып отыр:

  • бонд қоймаларын ұйымдастыру;
  • өткізу бекеттерінің қабілеті мен отандық көлік құралдарының паркін ұлғайту, сондай-ақ рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді жүйесін енгізу.

Бонд қоймалары басқа қоймаларға қарағанда бірқатар артықшылықтарға ие. Оларда импорттық тауарды кедендік рәсімдерсіз, салық төлемей, сұрыптап топтап ұзақ уақыт сақтауға болады.

«Озон және Вайлдберриз сияқты халықаралық маркетплейсстердің қызығушылығын ескере келе, аталған қоймаларды еліміздегі ірі қалаларда орналастыруды орынды деп есептейміз. Бонд қоймаларын дамыту мақсатында олардың қызметін заңнамалық деңгейде нақты реттеу қажет. Бұл жұмыстарды мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп іске асыратын боламыз», — деді вице-министр.

Спикердің ақпаратына сүйенсек, еліміздегі өткізу пункттерінің тиімді жұмысын қамтамасыз ету – транзиттік әлеуетті дамыту жолындағы басты мәселелердің бірі. Жалпы мемлекеттік шекарада 52 өткізу пункті жұмыс істейді, оның 45-інде қайта жаңарту жұмыстары басталды. Жұмыстар көрші елдермен бірлескен жол картасының шеңберінде жүргізіліп отыр.

Өткізу пункттерінің қабілетін арттырудағы тиімді шаралар ретінде келесілер ұсынылады:

  • көлік құралдарының қарқыны жоғары өткізу пункттерінің жұмысын тәулік бойына көшіру;
  • бақылау және кедендік рәсімдерді ел аумағына ауыстыру, ал өткізу пункттерде минималды рәсімдер жүргізу;
  • тасымалдаушылар құжаттарды бір рет тапсыру үшін көршілес елдердің бақылаушы органдарымен «бірыңғай деректер базасын» құру.

Қабылданған шаралар өткізу пункттерінің қабілетін 4 есеге ұлғайтып, тексеру уақытын 20 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді.

Отандық тасымалдаушылардың бәсекелестікке қаблеттігін арттырудың бірден-бір тетігі ол – автокөлік құралдарының жеткілікті деңгейде болуы.

Алдағы жылдары көлік паркін 2 есеге ұлғайту мақсатында төмендегідей шараларды қабылдау жоспарланып отыр:

  • елімізге халықаралық тасымалда жұмыс істейтін ірі операторлар өкілдіктерін тарту;
  • халықаралық тасымалдау үшін автокөлік сатып алуға жеңілдетілген жағдайлар жасау;
  • тартқыш көліктердің отандық өндірісін дамыту;
  • Араб Әмірліктерімен, Даниямен, Македониямен және Португалиямен автотасымалдау саласында үкіметаралық келісімдер жасасу.

Өз кезегінде, Араб Әмірліктермен келісімге отыру, біздің тасымалдаушылар үшін Парсы шығанағы порттарына, Үндістан, Пәкістан және басқа да елдердің жүк нарығына шығуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ шетелдік рұқсат бланкілерін таратудың автоматтандырылған жүйесін енгізу арқылы адал бәсекелестікке жағдай жасау қарастырылған.

«Соңғы жылдары автотасымалдың оң серпіні Еуропа елдерімен экспорт/импортта да байқалып отыр. Өткен жылы осы бағыттарда отандық тасымалдаушылардың үлесі 13%-ға өсіп, 48 %-ға жетті. Бұл ел экономикасына шамамен 80 млрд теңгедей қосымша түсім әкелді», — деді Сәтжан Аблалиев.

Алайда, вице-министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда Беларуссия мен Еуропа елдері арасындағы орналасқан 13 өткізу пунктінің 8-і және Ресей мен Финляндия арасындағы барлық 8 өткізу пункттері жабылған. Беларуссия тарапының ақпараты бойынша еуропалық пункттері жалпы қуатының 40%-ымен ғана жұмыс жүргізіп отыр. Бұл жағдай отандық автокөлік құралдарының Беларусь және Литва, Латвия шекараларында ұзақ уақыт кідіруіне әкеліп соғуда.

Сондықтан, жүктерді Еуропаға жеткізудің балама жолы ретінде Түркіменстан мен Иран елдерімен еркін транзитті қамтамасыз ету мақсатында келіссөздер жүргізілді. Аталған бағыттағы жүк тасымалының құны мен жеткізу мерзімінің артатынын атап өткен жөн.

Алайда, бұл бағыт санкциялық жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ Еуропа елдері Ресей мен Беларусь елдеріндегі шекараны жауып тастаған жағдайда бірден-бір балама маршрут болады.

«Автомобиль жолдарының сақталуын қамтамасыз етуде көліктік бақылаудың маңыздылығы өте зор. Қазіргі уақытта 43 жылжымалы бақылау бекеті күшімен 157 мың шақырым автомобиль жолдары бақыланады, яғни 1 бекетке 5 мың шақырым автожол жүктелген. Сондықтан, өткен жылдың желтоқсан айында автоматтандырылған өлшеу стансалары жұмыс тәртібін реттейтін заң қабылданды. Бұл Заңда әкімдіктерге жергілікті автожолдарда өлшеу стансаларын орнату жөніндегі өкілеттіктер беріліп, жүк көтергіштігі 12 тоннадан асатын барлық көлік құралдары осы стансалар арқылы міндетті түрде өлшенуі көзделген», — деді ведомство басшысы.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталған заңды іске асыру шеңберінде Көлік, Ішкі істер министрліктері және Астана қаласының әкімдігімен бірлескен Жол картасы әзірленген. Жол картасының аясында, биылғы қазан айынан бастап Астана қаласының негізгі 6 кіреберісінде өлшеу стансаларын орнату бойынша жұмыстар басталған.

Осылайша, қалаға кіретін барлық жүк көліктері автоматты түрде өлшеніп, автомобиль жолдарының сақталуына тікелей ықпал ететін болады.

«Сондықтан, әкімдіктер жергілікті жолдарға осындай 150 өлшеу бекетін, ал Министрлік республикалық маңызы бар жолдарға 70-ке жуық осындай өлшеу стансаларын салу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.. Жоғарыда аталған шаралардың барлығы еліміздің транзиттік әлеуетіндегі автомобиль көлігінің үлесін арттыруға және жол инфрақұрылымын қалыпты жағдайда ұстауға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін вице-министр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button